Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жергілікті полиция қызметі құрылды. Бұл құрылымның міндеті қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Бұл туралы “Ұлт жоспары – 100 нақты қадам” бағдарламасының 30-шы қадамында айтылған болатын. Осы орайда өңірімізде жергілікті полиция қызметі құрылып, бүгінде онда бір мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмыс істейді.
Жергілікті полиция қызметін құру жөніндегі реформаның жүзеге асырылуының арқасында тәртіп сақшыларының құқық қорғау әлеуеті артқанын айта кеткен жөн. Яғни, жергілікті полиция қызметі бөлімшелері өздеріне тән емес функциялардан босатылып, тікелей міндеттері – қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысымен түбегейлі айналыса бастады. Мәселен, өткен сегіз айдың ішінде облысымызда 800-ден астам мәдени-бұқаралық, саяси және спорт шаралары өткізіліп, олардың барлығында қоғамдық тәртіп бақылауда болды.
Жергілікті полиция қызметінің жұмысы өңіріміздегі криминогендік жағдайға оң әсер етті. Тіркелген қылмыс саны 6,7 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс – 10,7, көшелерде орын алған құқық бұзушылық – 10,7, мас күйде жасалған қылмыс – 0,9, тұрмыстық-отбасылық қарым-қатынастарға байланысты кикілжіңдер 30 пайызға азайды. Ал кәмелеттік жасқа толмағандар тарапынан жасалған қылмыстың саны өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен бірдей.
Облыстық ішкі істер департаменті, Ұлттық ұлан әскерилері, қоғамдық құрылымдар өкілдерінің қызметін қолдай отырып, полицияның кешендік күштері мен жаяу патрульдер санын арттыру, оны үш ауысымда ұйымдастыру және оларды қоғамдық орындар мен Петропавл қаласы көшелеріндегі шағынаудандарға шоғырландыру оң нәтиже берді.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жоспарды орындау аясында полицияның учаскелік пункттерін салу және сатып алу, сондай-ақ, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы кезең-кезеңмен мақсатты түрде орындалуда.
Аудандық әкімдіктердің қолдауымен Шал ақын және Қызылжар аудандарында үш учаскелік пункт ашылды. Ал алты ауданда жергілікті бюджеттің есебінен қызметтік автокөлік сатып алынды.
Жергілікті полиция қызметін қалыптастыру мен нығайтуға тиісті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осының арқасында полицияның жаңа институтының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор көңіл бөлінуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың наурыз айында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге бөлінді.
Біз үшін жұмыстың ашықтығы мен азаматтардың пікірі аса маңызды. Осы орайда учаскелік инспекторлар тұрғындармен жыл басынан бері 660 кездесу өткізіп, оған 38 мыңнан астам адам қатысты. Мұндай кездесулер тұрғындармен сындарлы және ашық әңгіме құру, олардың полиция қызметкерлеріне сенімдерін арттыру үшін өткізіледі. Аталған кездесулерде 340 түрлі ұсыныс пен өтінімдер түсіп, соның нәтижесінде 94 әкімшілік өндіріс қозғалып, ұйымдастыру сипатындағы 129 шара қабылданды. Бұл деректер тұрғындардың азаматтық ұстанымының артқанын және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жергілікті полиция қызметімен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір екендігін аңғартады.
Біздің жұмыстағы басым бағыттардың бірі – алдын алу, кәмелеттік жасқа толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықты анықтау және болдырмау болып табылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұл мақсатта аумақтық ішкі істер органдарының жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі өкілі болып табылатын ювеналдық полиция қызметкерлеріне зор міндет жүктелген. Мектеп инспекторының жұмысы педагогикалық ұжымдармен қарым-қатынасынан құрылғандықтан, олардың жұмыстарын тиімді ету үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша білім беру ұйымдарына бекітілді. Алдын алу мен тәрбиелік жұмыстың деңгейін арттыру және қылмыстың, құқық бұзушылықтың қайталанбауы үшін барлық білім беру ұйымдарында кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі қызметкерлер бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесе ата-аналармен де, оқушылармен де құқықтық тақырыпта әңгімелесіп, дәріс оқиды. Сонымен қатар, өмірдің қиын сәттерін бастан өткеріп жатқан ата-аналарға және балаларға заңгерлік көмек көрсетеді. Бүгінде ювеналдық полицияның есебінде 360 жасөспірім мен 353 қолайсыз отбасы тұр.
Алкоголизмге қарсы заңнама талаптарын бұзудың алдын алу мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы меморандумға қол қойды. Бұл құжат адал бәсеке, спиртті ішімдіктер өнімін заңсыз өндіру, рұқсат етілмеген жерлерде және уақытта сатудың жолын кесу аясында ішкі істер органдарының және кәсіпкерлердің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етпек.
Жол қозғалысы ережесін сақтау бағытында жүргізілген жұмыстардың арқасында жол-көлік оқиғалары – 16,9 пайызға, онда жараланғандардың саны 13,3 пайызға азайды.
Жүргізушілердің құқығы мен мүддесін қорғау, құқықтық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігін арттыру, сондай-ақ, даулы жағдайларды объективті қарау үшін “Жолаушы тасымалдаушылар одағы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінгі таңда бұл жұмыс өз нәтижесін бере бастады. Азаматтардың орган қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты арыз-шағымы азайды.
Алдағы уақытта жергілікті полиция қызметіне жүктелген міндеттерді сапалы орындауға бағытталған ұйымдастыру-тәжірибелік шаралар кешенін жүзеге асыру жоспарланған. Жергілікті полиция қызметінің атқарушы органдармен, қоғаммен тығыз байланысы азаматтардың қауіпсіздігі мен тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қанат АЙТБАЕВ,
облыстық ішкі істер департаменті жергілікті
полиция қызметінің бастығы.