Жоғары білім алу мақсатында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін таңдап, 1-курсқа қабылданған студенттерді биыл көптеген жаңашылдықтар күтіп тұр. Жоғары оқу орнының табалдырығынан тұңғыш рет аттаған жастармен кездескен СҚМУ ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев оларды биылғы оқу жылының өзгешеліктерімен таныстырды.
Расында да, бұрынғыға қарағанда аталмыш ЖОО-ның студент жастары білім алудың демократиялық түріне, яғни пән мен оқытушыны таңдау мүмкіндігіне ие болмақ. Сондай-ақ, студенттік өзін-өзі басқару жүйесі де жаңа үлгіде жұмыс істемек.
2016-2019 жылдарға арналған ғылым мен білімді дамытудың республикалық бағдарламасы талаптарына сәйкес пәндердің мазмұны да өзгертіледі деп күтілуде.
Жаңа басшы шетелдік әріптестермен байланысты дамытуға күш жұмсайтынын мәлімдеді. Серік Мәуленұлының айтуынша, СҚМУ осыған дейін тек Ресеймен немесе Шығыс Еуропамен байланыс орнатып келген болатын. Енді Ұлыбритания, Италия, Испания, Германия елдерінің ЖОО-ларымен келісімшарт жасалған жағдайда біздің студенттер білімдерінің сапасын арттыру мүмкіндігіне қол жеткізетін болады.
(Өз тілшіміз).