
Үстіміздегі жылдан бастап облыстық онкологиялық диспансерде отаның жаңа әдісі – лапароскопия қолданыла бастады. Медицинадағы аталмыш әдіс жалпы хирургияда кеңінен пайдаланылып келеді. Бірақ онкология саласында енді қолға алынды. Алғашқы ота да сәтті өтті.
72 жастағы Николай Демидюк – Тайынша ауданының Заречный ауылының тұрғыны. Саналы өмірін өңірдің ауылшаруашылық саласына арнаған адам. Қарапайым механизатордан кеңшар директорының орынбасарына дейін қызмет еткен. Өмірде үй салып, бала өсіріп, ағаш отырғызуды қаламайтын адам болмайтын шығар, сірә. Ақсақал да осыны армандаған. Тағдыр қосқан зайыбы екеуі көздеген мақсаттарына қол жеткізгендей. Үй салып, ағаш отырғызып та, бала тәрбиелеп те үлгерді. Зейнет демалысына шығып, енді немерелерінің қызығын көрсем, дейді. Бірақ ауыр дертке шалдыққан сәтінде бұл мақсатына қол жеткізе алмайтындай көрінген.
Оның ұлы мен келіні Ресейдің Екатеринбург қаласында тұрады. Ұлының үйіне қыдырып барғанында, әкелерінің денсаулығына алаңдаған олар оны жекеменшік медициналық клиникада тексерткен. Нәтижесінде әкелерінің қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған.
Обырдан сауығуға болмайды деген пікір қалыптасқан ғой. Қария да бұл дерттен аман қалуым мүмкін емес деп санаған. Балалары әкесін Ресейдің ең мықты клиникаларында емдетпек болады. Бірақ ресейлік онкология саласының даму барысын саралай келе, қазақстандық медицинаның одан еш айырмашылығы жоқ екенін аңғарған. Дәріден бастап, жасалатын отаға дейін тегін. Тіпті, кей ресейліктер дерттен сауығу үшін Қазақстанға келіп, емделіп жүргенін байқаған. Сол себепті де ақсақал облыстық онкологиялық диспансердің мүмкіншілігі ешкімнен кем емес деп, еліне оралған.
Оның сенімі ақталғандай-ақ. Үстіміздегі жылдың алғашқы айында ауруханаға түскен оның бірден диагнозы нақтыланып, емдеудің тәсілі зерделенген. Оны емдеген облыстық онкологиялық диспансердің хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Мәлік Сексембаевтың айтуынша, Николай Демидюкке ота лапароскопиялық әдіспен жасалды. Оның ашық әдіспен жасалатын отадан айырмашылығы – науқастың хирургиялық емнен кейін тез тұрып кетуінде.
Нәтижесінде тайыншалық науқастың қатерлі ісікке шалдыққан тоқ ішегі зарарсыздандырылған. Обыр алғашқы сатыларында анықталғанда емге көнеді, дейді дәрігерлер. Абырой болғанда дер кезінде дәрігерге көрінген ақсақалдың дерті асқынбаған екен.
– Қазақстан тарихи Отаным болмаса да, мен оны өз елім деп есептеймін. Себебі, бұл ел мені екі рет өлімнен аман алып қалды. Бірі бала кезімде болса, екіншісі қартайған шағымда айықпас дерттен сақтап отыр. Бұл мемлекетіміздің медицинасының алға басуының жарқын дәлелі боларлық. Маған отаны немереммен жасты жас жігіттер жасады. Қазіргі таңда аудандық орталық аурухананың дәрігерлерінің бақылауындамын. Олардың біліміне, тәжірибесіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Өмір үшін күресіп жатқан науқастарға сенім ұялата алатын дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді ол.
Қазіргі таңда бұл әдіспен асқазанға, өңешке оталар жасалуда. Таяуда жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан нәзік жандарға да осы әдіспен ота жасалу қолға алынбақ.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.