Мамандардың пікірінше, сырқат адамдардың 80 пайызы ұйқы күре-тамырларының тарылуы салдарынан инсультке шалдығуы мүмкін. Осындай жағдайды болдырмас үшін оның алдын алу маңызды.
Денсаулығын тексерткен 65 жасар петропавлдық тұрғынға нақ осындай диагноз қойылған. Орын алған проблеманы шешу үшін дәрігерлер оған ота жасау туралы шешім қабылдаған. Біздің өңірде бұл әдіспен жақында алғаш рет ота жасалды. Отаны жасауға қарағандылық мамандар келген. Олар мұндай оталарды үш жылдан бері жасап жүр екен.
– Ота кезінде сырқаттың денсаулығын жақсарту үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалады. Артериялар тазартылады, стендтер салынады, – дейді Қарағанды облыстық кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі Азамат Жашкеев.
Ота жасалып жатқан сәтте науқасқа жергілікті наркоз беріліп, дәрігерлер онымен сөйлесіп тұрады. Аталған әдістің тағы бір ерекшелігі – ота жасалған адам 2-3 күнде ауруханадан шығарылады.
Жыл сайын кардиологиялық орталықта бес мыңға жуық адам ем қабылдайды. Биыл дәрігерлер ашық жүрекке 250-ден астам ота жасаған. Осы ретте айта кету керек, үстіміздегі жылы 12-13 желтосқанда орталықта “Ашық есік күні” өткізіледі. Шара барысында тұрғындарға мамандарға қаралып, кеңес алуға болады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.