«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Тайынша ауданына сапары жергілікті мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысудан басталды. Өңір басшысы аудан әкімі қызметіне Ержан Иманслямнің кандидатурасын ұсынды.

Ержан Иманслямұлы еңбек жолын 1994 жылы Павлодар облысының ішкі істер басқармасында бастады. Кейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. Осы тағайындауға дейін “СҚО Индустриялық-инновациялық даму басқармасы” ММ-нің өнеркәсіпті дамыту және жер қойнауын пайдалану бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Ұсынылған кандидатураны депутаттар бірауыздан қолдағаннан кейін Ерік Сұлтанов тиісті өкімге қол қойды. Өңір басшысы ауданның жаңа әкімінің алдына агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлікті дамыту, инвесторлар тарту жөнінде жұмыс жүргізу, тұрғындарды ауызсумен, лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету, ауылдықтардың әлеуметтік мәселелерін шешу сияқты міндеттер қойды.  

– Алға қойылған міндеттерді орындау, ауданды мемлекетіміздің реформаларына белсене қатыстыру – басты мақсат болмақ, – деді Тайынша ауданының жаңа әкімі.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кеңесіне қатысты. Онда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров Тайынша ауданындағы көктемгі-дала жұмыстарының барысы жайлы айтып берді. Ауданның үстіміздегі жылғы жазғы егістік алқабы 592 мың гектарды құрайды.

– Агроқұрылымдар тұқыммен және жанармаймен қамтамасыз етілген. Көктемгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданда 2428 трактор, 207 себу кешені, 1005 сеялка және басқа техника бар. Жұмыс жоспарына сәйкес себу жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті, – деді Қайрат Қайроллаұлы.

Алайда, ауданның машина-трактор паркі жаңартуды қажет етеді. Соған орай Ерік Хамзаұлы агроқұрылым басшыларына алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын Петропавлдағы жаңа зауыттың өнімдеріне бағыт ұстануды ұсынды.

Тайынша ауданында мал шаруашылығын дамытуда оң серпін байқалады. Дегенмен, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы өз дәрежесінде емес. Облыс әкімі жаңа басшыға осы ретте шұғыл шаралар қолдануды тапсырды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp