«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӘЛІПБИ – БАТЫЛ БАСТАМА

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу жоспарын әзірлеу мәселесіне қатысты өңірлік ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Шара барысында “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалау кеңсесінің жетекшісі Жанар Таласпаева жаңа әліпбиді енгізудің алғышарттары мен орфографиялық ережесі жайлы баяндады. Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу жұмыстары басталғанын тілге тиек еткен ол бүгіндері бастаманы нәтижелі жалғастыруда қандай жұмыстарға басымдық беру керектігін айтты. “Латын әліпбиінде көз дағдысы мен қол дағдысын қалыптастыру” тақырыбында баяндама жасаған “Қызылжар” қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығының директоры Жанат Мұхамеджановтың айтуынша, шет тілдерден енген сөздерді жазу айтарлықтай қиындық туғызуда. Сол себепті, жаңа әліпбиді үйрену қазақтарға ғана емес, өзге этнос өкілдеріне де оңай соқпасы анық.

Семинарда сөз алған “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының аға оқытушысы Гүлфайруз Синбаева қаріп үйрену барысында орфоэпиялық заңдылықтар сақталса екен деген тілегін жеткізді.

– Қазақ тілінің әуезділігі – ұлттық қасиеттеріміздің бірі. Жаңа қаріппен қалай жазу қажеттігін ғана назарға алмай, оның айтылу, дыбысталу жағын да ұмыт қалдырмайық, – деді Гүлфайруз Кенжеболатқызы.

Сондай-ақ, университеттің 2-курс магистранты Әсем Әбдірайымова қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру реформасының тарихи маңызы туралы баяндама жасады.

 Данагүл ҚУАНДЫҚОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp