
Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылындағы құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығаратын “БЭМЗ” ЖШС соңғы уақытта ауыл шаруашылығына арналған жаңа өнім түрлерін игерумен айналысуда.
Қазіргі кезде “Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығару үшін шикізаттар мен материалдар сатып алу” жобасын “АТФ” Банк” АҚ филиалының кредиті арқылы жүзеге асырып жатқан кәсіпорынды Оразбек Ақтаев басқарады. Ол өз ісін осыдан 8 жыл бұрын бір дәнекерлеушімен және екі металл жонушымен бастаған болатын. Қазір зауытта электр қуатымен жұмыс істейтін сыйымдылығына қарай төрт түрлі “Гарант” бетонараластырғышы, екі білікті “БСП-075”, “БСП-1300” бетонараластырғышы, тректі, аспалы кранбалкалар, “Пионер” краны, әрлеу станциясы, “КЭВ”, “СФО” үлгісінде 9 түрлі электркалорифер, ерітінді араластырғыштар, бетон зауыты, барлығы 20-дан астам құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар шығарылады. Тауарлардың барлығына сынау хаттамасы бойынша “Сапа интерсистем” ЖШС-нің сәйкестік сертификаты берілген. Бұл құжат Еуразиялық экономикалық одақ арқылы шетел нарығына шығуға да мүмкіндік береді. Өндіріс орнында жеке тапсырыс беру арқылы да қажетті бұйымдарды жасатып алуға болады. Ол менеджер арқылы жүзеге асырылады.
– Мына “БСУ-50” бетонараластырғыш қондырғысын ақтаулық фирманың арнайы тапсырмасы бойынша жасадық. Енді оны тапсырыс берушінің мекенжайына жөнелтетін боламыз. Ал тапсырыссыз жасалған бұйымдарымыз, негізінен, Астана мен Алматы қалаларындағы фирмалық дүкендеріміз арқылы сатылады. Таяуда зауытта әзір болған өнімдердің жаңа партиясын сонда жөнелттік, – дейді серіктестіктің менеджері Мейрамбек Айтжанов.
Кәсіпорында екі жылдан бері газдалатын үлгілер бойынша құю өндірісі жұмыс істейді. Онда құрыштан, шойыннан, алюминийден және қоладан жоғары дәлдікпен әр-түрлі қажетті бұйымдар жасалады.
– Цехымызда облыс орталығында комбайн шығарып жатқан “ҚазТехМаш” зауытына арнайы тапсырма бойынша шойыннан теңгерсалмақ құйдық. Салмағы – 35 килограмм. Егер өнімімізді жарамды деп тапса, онда комбайнның жаткасына арналған бір бөлшекті біздің зауытта шығаратын боламыз, – дейді серіктестіктің директоры Оразбек Ақтаев.
Зауыттың бас инженері Әлібек Мұхамадиев, инженер-құрастырушы Александр Новиков және өндірісті әзірлеу жөніндегі инженер Анна Галицкая серіктестік өнімдері жиынтығын көбейте түсуге ерекше назар аударады. Аталмыш топтың басшылығымен жыл басынан бері өнімнің жаңа түрлерін игеру үшін қызу жұмыс жүргізілуде.
– Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына қажетті өнімдер өндіруге де басымдық бергелі отырмыз. “ҚазТехМаш” биылдан бастап “Proner Asia Z 500” пресс-жинағышын шығара бастады, былайша айтқанда, ол орама сабан мен шөп әзірлейді. Қазіргі кезде мал азығын дайындаумен айналысатын агроқұрылымдардың дені осыған ұқсас шетелдік пресс-жинағыштарды пайдаланады. Олардың өнімдерін ғимараттарды жылыту үшін бу қазандықтарына пайдаланып жатқан шаруашылықтар да бар. Орама сабанмен жұмыс істейтін бу қазандықтарын жасау кез келген серіктестіктің қолынан келе бермейді және оған күштері жетпеуі де мүмкін. Осы жағын ескере келіп, сондай пешті өзімізде жасап көрсек қайтеді деген тоқтамға келгеміз. Бүгінгі күні инженерлер тобы әзірлеген сызба бойынша дәнекерлеушілер Руслан Есенбаев пен Равиль Ғизатуллин орама сабанмен жұмыс істейтін бу қазандығын жасаумен айналысуда. Бұл жұмыс аяқталып та қалды. Оны бір шаруашылықта сынақтан өткізіп, өндіріске қосамыз, – дейді Оразбек Наурызбайұлы.
Зауытта жасалып жатқан екінші өнім – 60 тонналық электронды автотаразы. Инженерлердің айтуынша, бұл автотаразы іргетас орнатуды қажет етпейді, яғни орын талғамайды. Оның алғашқы данасы бір айдың ішінде әзір етілетін көрінеді.
– Біз механикалық қырмандарға арналған астық кептіргіш жасауды да қолға алдық. Ол да бір айдың шамасында дайын болады. Екі өнімді де пеш сияқты арнайы орындарда сынақтан өткізетін боламыз. Содан кейін заң тұрғысында сертификаттап, тапсырысқа қарай шығара бастаймыз, – дейді өндіріс орнының басшысы.
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.