«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӨНІМ – ИГІ БАСТАМА

Бүгінде құрылыс саласындағы жаңашылдықтар көз қызықтырады. Кеше ғана іргетасы қаланған құрылыс алаңдары аз уақыттың ішінде сәулетті ғимараттарға айналып, қалаларымыз көркейіп, мыңдаған қазақстандық отбасылар тұрғын үйлерге қол жеткізуде. Бүгіннің заманауи техникалары мен технологиялары үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Осындай инновациялық қарқынға үлес қосуды қолға алғандардың бірі – петропавлдық “Б. Н. Жүнісов” жеке кәсіпкерлігі.

Боштай Жүнісов өзінің меншігіндегі ғимараттарды жалға беріп, табыс көзін қалыптастырған кәсіпкер ретінде танымал болатын, ал былтырдан бастап ол тауар өндіруді қолға алды. Іскерлікке бойы үйреніп, ойы жетілген Боштай Нәбиұлы кәсіпкерлігін нарық талабына сай кеңейтуді көздеп, өзіне қолайлы іс таңдаған. Қолға алған ісі елдегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүгін көтеріп, экономиканың стратегиялық жоспарының екінші бесжылдығында жүзеге асырылатын 39 солтүстікқазақстандық жобаның бірі ретінде бағаланып отыр. Оның жаңа технология бойынша өндіріп жатқан жылу блоктары – құрылыс саласы үшін таптырмас материал. Ол блоктар үйдiң қабырғасын үшінші қабатқа дейін көтеріп, саяжай қонысын, гараж, қора-қопсы соғуға өте ыңғайлы. Кәсіпкер бастамасын жүзеге асыру үшін былтыр “Альфа банк” АҚ-ның өңірлік филиалынан 7 миллион теңге қарыз алып, игілігін көрсе, биыл да осынша сомаға өтініш білдірген. Мұндай тың жоба мемлекеттің қолдауына да лайық. Сондықтан кәсіпкер екі жыл қатарынан “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген демеуқаржы көмегімен банк төлемінің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 50 пайызға қысқартып, 2 миллион 817 мың теңге үнемдеген.  

Өнімнің сипаттамасы тауар сапасының жоғары екендігін аңғартады. Тауардың қасиеттерін тарқатып айтсақ, қатты соққыларға шыдас беретін құрылыс материалы жарылып қалса да, кірпіш секілді үгітілмейді. Сарапшылар мұндай блоктардан тұрғызылған ғимарттар 75-100 жылға дейін сыр бермейді деп отыр. Плиталарды жасау технологиясы да көп уақытты қажет етпейді. Қалып­таушы құрылғы бір минутта бір блокты құйып шығарады. Бір тәулік кептірілген тауар сатуға дайын. Бұл блоктар бiздiң өңiрдiң климатына сай, жылуды жақсы ұстайды. Одан соғылған үйдiң iшi қақаған аязда – жылы, жазда – салқын. Қабырға блоктарының басты құнды­лығы оның жылдам тұрғызылатындығында десек, қателеспейміз. Эстетикалық әсемдігі де – тағы бір құнды қасиеті. Блоктардың арасы арнайы құрылыс қоспасымен немесе желiммен оңай жапсырылады. Үлкен қысыммен жапсырылатын тастардың жігін ажырату да оңайға соқпайды. Бір блоктың салмағы 25 килограмм, яғни көтеруге жеңіл.

Алғашқы кездері “Б.Н.Жүнісов” жеке кәсіпкерлігі өндіріске қажетті материалдардың барлығын Ресейден тасыса, ал қазір қолданылатын шикізаттың басым бөлігі – отандық өнімдер. Мәселен, өзен құмы қалалық порттан әкелінсе, көбікполистирол мен керамзит және цемент қазақстандық өндіріс орындарынан алынады. Аталмыш жобаның авторы ресейліктер болса да, оның солтүстікқазақстандық құқығы және ұйымдастыру стандарттары “Б. Н. Жүнісов” жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Яғни, осындай технологиямен жылу блоктарын Боштай Нәбиұлының рұқсатынсыз ешкім өндіре алмайды. Кәсіпкер бастапқыда еуроблоктар шығаратын екі-үш станокты Ресейдің зауыттарынан алдырса, соңғысын жергілікті зауытқа тапсырыс беру арқылы өз сызбаларымен жасатып алған.

Былтыр кәсіпорын 8 мың блок шығарса, биылғы жоспар – 30 мың дана. Кәсіпорындағы сегіз еңбеккер күніне 2 мың данадан артық блок дайындай алады, бірақ күнделікті меже түскен тапсырысқа байланысты белгіленеді. Бұл іске қолдары епсекті болып алған еңбеккерлер үшін бір жылда 30 мың дана блок жасау деген қиын шаруа емес.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, жұрт мұндай инновациялық тұрпатты өнімнің тиімділігін аса біле қоймаған сыңайлы. Оның үстіне жаңа тауарды жарнамалауға кәсіпорын әкімшілігі білек сыбана кірісе де қоймаған. Бір жылдың ішінде өнімнің технологиясын игеріп, қажетті техникалық жабдықтарын түгендеп, мамандарын қалыптастырып алған кәсіпкер енді тауарды өткізу мәселесімен айналысуға көп көңіл бөлетінін жеткізді. Сарапшылар беретін сапа көрсеткіштері сертификаты қолына тиген соң жарнама тетіктерімен айналыспақ.

Былтыр олардың “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне қатысып, “Өндірістік мақсаттағы тауарлар” аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталуының өзі кәсіпорынның бастамасынан зор үміт күттіреді. Сондай-ақ, жақында облыс әкімі Ерік Сұлтанов өндіріс басында болып, кәсіпкерліктің жаңа бағытымен танысқан болатын. Инновациялық жобаның болашағына сенім артқан өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыстарына олардың тауарларын қолдануға тапсырыс болатынына сендірді.

– Былтыр тапсырыс бойынша жұмыс істеп, 7 миллион теңгенің тауарын саттық. Биылғы діттеген ойымыз жүзеге асса, бұл көрсеткіш төрт есеге көбейеді. Дәл осы өнімді шығарумен айналысатын еңбеккерлердің еңбекақылары 100 мың теңгенің үстінде, – дейді кәсіпорын есепшісі Тамара Рамазанова.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp