Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент басшылығы облыс орталығын жарықпен және жылумен қамтамасыз етіп отырған екі монополиялық субъектінің жұмысын бағалау мақсатында ұйымдастырылған баспасөз турына мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақырды.
Шара барысында Петропавл №2 жылу-электр орталығы мен “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС-нің басшылары кәсіпорындардың инвестициялық бағдарлама шеңберінде атқарып жатқан жұмыстарын, облыс орталығындағы ғимараттардың жылу жүйесіне қосылу барысы мен тариф мәселесін сөз етті.
Кәсіпорындардағы жаңғырту жұмыстары биыл үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Петропавл №2 жылу-электр орталығындағы 12 қазандық пен 7 турбоагрегат 2020 жылға дейін жаңартылса, энергия мен жылу тарату жүйесінде үлкен тиімділікке, үнемділікке және сапалы қызметке қол жеткізуге болады. Әзірге екі-екіден қазандық пен турбоагрегат жаңартылып, үшіншісі қолға алынған. Мәселен, бүгінде жаңадан құрастырылып жатқан №12 қазандық алдағы жылы іске қосылған кезде ол сағатына 50 тонна артық бу өндіріп, жылына 4,2 мың тонна көмір үнемдейді, сондай-ақ, қосымша 104 623,842 МВт электр энергиясын өндіреді. Сонымен қатар, кәсіпорын өндіріс құрал-жабдықтарын орталықтандырып, автоматтандырылған жүйеге қосуда. Бүгінде әр жаңа қазандық пен турбо-агрегат компьютерленген желі арқылы басқарылады. Кәсіпорын басшысы Виктор Барминнің айтуынша, олар 2016-2020 жылдарға арналған жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңмен уақтылы атқарып отырса, өндірістегі құрал-жабдықтардың тозығы 14,01 пайызға төмендемек.
“Петропавл жылу жүйелері” ЖШС де жылу тарату құбырларын жаңарту үстінде. Биыл олар 10,858 километр жылу құбырын жаңартып, 3,654 километр құбырды оқшаулағыш материалдарымен ораған. Петропавл жылу тарату желілерінің басты мәселесі ондағы құрал-жабдықтар мен құбырлардың тозғаны болып отыр. Осыдан 4-5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 85 пайыз болса, бүгінде ол 72,86 пайызға төмендеген. Осы қиындықтың алдын алу үшін кәсіпорын жылына 25 километр құбырды жаңартып отыруы керек. Алайда, қолдарында бар қаржымен олар жылына 10-14 километрлік жаңғырту жұмыстарын жүргізе алады. Аталмыш кәсіпорын басшылары бұл күрделі мәселені шешудің бір жолын тариф саясатына байланыстырып отыр. Сондықтан олар үстіміздегі жылдың шілде айында табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департаментке өздері көрсететін қызмет түрлеріне тариф көтеру туралы өтініш білдірген.
“Петропавл жылу жүйелері” ЖШС-нің басшысы Игорь Рыбас кәсіпорынның қысқа әзірлігі ойдағыдай, дейді. Бүгінде облыс орталығындағы ғимараттардың 40 пайызына жылу беріліп, әлеуметтік нысандар толықтай жылуға қосылған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.