Соңғы жылдары елімізде энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту үшін индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыс атқарылуда және алда тұрған міндеттер баршылық. Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында да атап өтті. Онда Президент магистральдық желілердің шектеулігіне байланысты электр қуатынан тапшылық көріп отырған елдің оңтүстік өңірлеріне назар аударды. Біздің облыста бұл мәселенің жылдан-жылға өз шешімін тауып келе жатқандығы қуантады. Бұл жерде облыс аумағын электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етіп отырған “СевКазЭнерго” АҚ -ға теңдес табу қиын.
“СевКазЭнерго” АҚ-ның №2 жылу-электр орталығында өткен жылы құрал-жабдықтарды жөндеу, қайта құру және жаңғырту жөніндегі жоспарлы шаралар толық көлемінде жүзеге асырылды. Үкіметтің бекіткен “Инвестицияға алмастырылатын тариф” бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында жылу-электр жүйесіндегі құрал-жабдықтардың тозуын 22 пайызға төмендетті. Енді 2015 жылға да кешенді жоспар жасалып, біраз мақсатты істер белгіленіп отыр.
“СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы өз жүйесінде қайта құру және жаңғырту бойынша атқарылатын жұмыстарды қаржылық жағдайға қарай бірнеше жылға бөліп орындауда. Мәселен, 2013 жылы стансаның №6, №7 қазандықтары жөнделіп, №4 жаңа турбоагрегат іске қосылды. Жаңа турбина акционерлік қоғамның қызмет көрсетіп отырған нысандарына қосымша 63 МВт. электр қуаты мен 52,5 Гкал. жылу беру көлемін ұлғайтып, кәсіпорынның жылдық электр өндіру өнімділігін 106 миллион киловатт/сағатқа жеткізді.
2014 жылдың желтоқсанында жарық және жылу тарататын кәсіпорын үшін тағы бір есте қаларлық жаңалық болып №8 жаңа қазандық іске қосылды. Осының арқасында стансаның бу жөніндегі қуатын сағатына 270 тоннаға арттыруға мүмкіндік туды. Осыдан қазандықтардың жалпы пайдалы әсер коэффициенті 88,8 пайызды құрап, жылына 3000 тонна көмір үнемдеуге қол жеткізілді. Жаңа жабдықтың күл тұтқыш қондырғыларының пайдалы әсер коэффициенті 99,7 пайызды құрап отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллиард теңге қаржы жұмсалды.
Энергетиктердің 2015 жылға арналған жоспарлы жұмыстары да ауқымды. Онда біз №12 қазандықты жөндеп, жаңадан №1 турбинаны іске қосуды мақсат етіп отырмыз. Ескі турбо-агрегатты жаңарту ісі осы жылдың қазан айына дейін аяқталуға тиіс. 2015 жылдың соңына дейін жүргізілген жұмыстың нәтижесінде стансаның қуаттылығын 347 МВт-дан 455 МВт-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады.
Энергетикалық кешенді қайта құру және жаңғырту жұмыстарын жоғары қарқынмен және үлкен ауқымда атқару үшін тиісінше инвестиция керек. “Инвестицияға алмастырылатын тариф” бағдарламасы бойынша стансаны жаңғырту үшін бес жылға 23,8 миллиард теңге жұмсалды. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – кәсіпорын өндіретін электр қуатына белгіленген баға өсімін жыл сайын қарастыра алатындығында. Шекті тарифпен сатылған энергиядан түскен пайданың барлығын компания тек өндіріс активтерін жаңғыртуға жұмсайды. Аталмыш бағдарлама бойынша “СевКазЭнерго” АҚ-ның осы бағытқа салған қаржысының серпінін былайша көрсетуге болады: 2013 жылы – 5639,77 миллион теңге, 2014 жылы 6124,07 миллион теңге қаржы жұмсалса, 2015 жылға 7023,81 миллион теңге жоспарланып отыр. Осы бағдарлама бойынша №2 ЖЭО кәсіпорнының қызмет көрсету жүйесіндегі құрал-жабдықтардың тозу деңгейі 22 пайызға төмендеді десек, бұл көрсеткішті 2016 жылы 59 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осының нәтижесінде отынның шығыны мен қоршаған ортаға тигізетін кері әсері азая түседі. Ең бастысы, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі артып келеді.
Виктор БАРМИН,
“СевКазЭнерго” АҚ-ы №2 ЖЭО-ның директоры.