«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢҒЫРТЫЛУДА ЖӘНЕ ҚАЙТА ЖАҢАРТЫЛУДА

“Петропавл Жылу Желілері” ЖШС-і Петропавл қаласын жылумен жабдықтау желісін қайта құру мен жаңғырту нысандары бойынша баспасөз турын өткізді.

Біз бірінші бас бұрған нысан Театр көшесінің бойындағы №15 жылу торабы болды. Мұнда 840 метр жылу құбырына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр екен. Ал оның жай-жапсарын кәсіпорынның бас инженері Алексей Захарян тікелей жөндеу жұмысының басында ұғынықты етіп айтып берді. Десе де, монополияға қарсы департаменттің сараптама тобына мүше ақсақалдар жылу құбырларының суы сорғытылмаған бұрынғы бетон астаушасына дұрыс сырланбастан салынып жатқанына келісе алмайтынын білдірді. Мұндай асығыс қимылды бас инженер мақтаныш еткен бригадалық мердігерлік әдістің өзі де ақтай алмаса керек. Жөндеушілердің көтерме сыйақымен жұмыс істеулері үшін, әрине, көрініп тұрған кемшілікке жол беруге болмайды.

№6 жылу торабында 150 метрлік жылу құбырының күрделі жөндеуі толық аяқталыпты. Енді осы төңіректегі №1 мектеп-лицейде, Алматы, Чайковский, Әуезов, Абай көшелеріндегі үйлерге жылудың келуі жақсара түсері анық.

Көбірек тоқтаңқыраған нысанымыз салынып жатқан №1 жылу торабының басы болды. Мұндағы бұрынғы 70 сантиметрлік құбырлар диаметрі бір метрлік жаңа қаптамалы құбырларға ауыстырылуда. Ол №2 сорғы стансасынан 1-ші және 10-шы жылу камераларына дейін созылады. Құрылыс жүргізілетін құбыр торабының ұзындығы 2,5 шақырымға жетеді. Міне, осылар жайында кәсіпорынның қайта құру және жаңғырту басқармасының басшысы, серіктестік директорының орынбасары Игорь Осняч жеріне жеткізе айтып берді. Шындығында да, жүргізіліп жатқаны мүлде жаңа құрылыс десе болады. Ірі диаметрлі құбырлардың асты-үсті төсеме бетон шегендері толық қайта ауыстырылып, қазіргі талапқа сай келетін жылу камералары қойылуда. Ол болашақта “Жас өркен” шағынауданын жылуға қосқан кезде тораптың бұрынғы тұтынушыларының зардап шекпеуін көздейді. Жоба мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуда, бөлінген қаржы З млрд. теңгеден асады.

Баспасөз турының соңында оған қатысушыларды “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС-нің бас директоры Игорь Рыбас қабылдап, кәсіпорынның қаржы-экономикалық жағдайынан хабардар етті. Олардың алдағы бесжылдыққа қызмет көрсету тарифтерін 200 пайызға көтеру есептемелерін жасап, оны табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінде қарауды өтінулері тегін емес екен. Серіктестік жоспарлы түрде шығынды кәсіпорынға жатады. Ұжымда 100-ге жуық адам еңбек етеді, ал орташа айлық табыстары 60 мың теңгеге жетпейді, сондықтан кадрлар тұрақсыздығы жоғары. Құбыр желілерінің тозығы жетуі 72,8 пайызды құрайды. Материалдық-техникалық жағдайларының жұтаңдығы қолбайлау болып, өткен жылу беру маусымында 32 апаттық оқиға орын алған. Дей тұрғанмен, қолдарының қысқалығына қарамастан, осыншама ауқымды жұмыс жүргізіп, қала тұрғындарын өткен жылдардағыдай қыстан тоңдырмай аман алып шығуға қам жасап жатқан кәсіпорын еңбеккерлерінің жанкештілігіне сүйсінесің.

Тоқтар ЗІКІРИН,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp