«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН ЭЛЕВАТОР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Ақ Нан Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің элеваторын салтанатты түрде ашты. Жаңғыртудан кейін астық қабылдау пункті 68 мың тонна өнім қабылдайтын болды.

Ерік Хамзаұлы жаңа кәсіпорындардың ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Себебі, жаңа жұмыс орындары қоса ашылады. Элеваторға ауданның 26 тұрғыны жұмысқа орналасыпты.

– Компания Қазақстан өңірлерінде ғана емес, Қытай нарығына да тауар экспорттауға тиіс. Олар бірінші болып жол ашты. Бұл – болашағы бар бағыт, – деді Ерік Сұлтанов.

Облыс әкімі элеваторды салтанатты түрде іске қосқаннан кейін оның жабдықтарымен танысты.

Осы күні өңір басшысы Новоишим ауылындағы орталық аудандық ауруханаға да барды. 1979 жылы іргесі қаланған ауруханаға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажет. Бүгінгі таңда “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жөндеу жұмысына 73 млн. теңге бөлініпті. Аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Наталья Карпова мәселені уақтылы және жылдам шешкені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Облыс басшысы құрамында жылжымалы медициналық кешені мен реанимобильдері бар автопаркпен де танысты.

Бұдан кейін облыс әкімі Новоишим ауылындағы пешпен жылытылатын және төбе жабындысы жөндеуді қажет ететін 48 пәтерлік тұрғын үйге барды. Ерік Сұлтанов қазандық құрылысын ішінара қаржыландыруға көмектесуге уәде берді. Ал үйдің шатыры өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жөнделмек.

Сондай-ақ, өңір басшысы “Новоишим ұн комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диірмен кешенінің жағдайымен танысты. Үстіміздегі жылдың наурыз айында қайта қалпына келтірілген кешенде ұнды 2 килограмдық қапшыққа салатын бөлшектеп өлшеу желісі іске қосылған. Диірмен кешенінің қуаттылығы тәулігіне 120 тоннадай болмақ. Өнім өңір нарығына шығарылмақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp