Елбасының “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттары “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының кезектен тыс өткен 27-ші конференциясы барысында талқыланды.
Конференцияны ашқан “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов биылғы Жолдау Елбасы стратегиясының маңызды бағыты екенін атап өтті.
– Жолдаудағы он басты міндет жаңа экономикалық модельге көшудің негізгі бағдарламасы болып табылады. Оны жүзеге асыруда “Нұр Отан” партиясына үлкен міндет жүктеледі. Алдымен бізге жаңғыртудың басты шарты болып табылатын партиялық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Бұл ретте нұротандықтар өз қатарының сапалы болуына баса назар аударады. Мәслихат депутаттары мен тұрақты комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыру бағытында заңнамалық ұсыныстар әзірленеді. Жаңа коммуникативтік және имидждік технологияларға негізделген заманауи форматтағы алаңдар құру жоспарлануда. “Жас Отан” жастар қанаты жаңаша жұмыс істейтін болады, – деді Артур Кенжеәкімұлы.
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның бас директоры Вадим Шақшақбаев Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруда облыстағы ірі кәсіпорынның жұмысына тоқталды. 2017 жыл қорытындысы бойынша зауыт ұжымы облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарына тиесілі өнімдердің жетіден бір бөлігін өндірді. Соның нәтижесінде өнімдердің өсім көлемі 203 пайызды құрады. Ұжым қызметкерлерінің еңбекақысы тиісінше 122 пайызға ұлғайды. Алдағы мақсатқа қол жеткізіп, межелі биікке көтерілуге ұмтылыс жасаған кәсіпорында жаңа технологияларды меңгеруге басымдық берілген.
Ал көлік және логистика саласында атқарылған істер туралы “СҚО автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты Галина Семенова баяндады.
Өңірде әуежайды қалпына келтіру жұмыстары мен транзиттік әуе рейстерін ұйымдастыру мақсатында түрлі әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Біздің өңірде көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту үшін инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Оның бірі қытайлық инвесторлармен жасалған жалпы құны 31,7 миллиард теңгені құрайтын Петропавл қаласындағы көлік-логистика орталығының құрылысы болып табылады. Бүгінгі таңда Мамлют қаласында да дәл осындай орталық салу мәселесі қарастырылуда.
“Жасыл” технологияны енгізу мен цифрландыру бағытында да оң нәтиже бар. Бірінші жартыжылдықта “Петропавл автовокзалы” ЖШС-і билеттердің электронды сатылымын іске қоспақ. Ұялы байланыс телефоны арқылы қоғамдық көліктердің жүру бағытын қадағалайтын “Инфобас” қосымшасы тұрғындарға жақсы таныс. Бұл жүйемен барлық автобустар жабдықталған. Жыл соңына дейін қаладағы “ақылды” аялдамаларда автобустардың келу уақыты көрсетілетін ақпараттық тақтайшалар іске қосылатыны да конференцияда белгілі болды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.