М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Қазіргі әлемдегі ғылым эволюциясы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда Франция, Италия, Литва, Ұлыбритания, Ресей, Молдова, Қытай елдерінен ғалымдар мен отандық жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосты.
Өңіріміздің ғылым саласында болып жатқан маңызды шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев пен сырттан келген қонақтар жоғары оқу орны оқытушылары мен студенттерінің ғылыми жетістіктерін таныстыратын көрмені тамашалады. Жас ғалымдар зияткерлік компьютерлік құрылғылар мен мұнай-газ жабдықтарын диагностикалау жүйесі, экологиялық таза “Витин” фитопрепаратын жасау, өңірімізге лайықтысын анықтау үшін шетелдік ауыл шаруашылығы дақылдарын экологиялық сынақтан өткізу бойынша жобаларын таныстырды.
Erasmus+ Ұлттық кеңесінің директоры Шайзада Тасболатова да халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ғалымдардың әлеуетін арттыруға септігін тигізетінін тілге тиек етті. Себебі, осындай салмақты шараларда ғылым өкілдері бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасады. Сонымен қатар Erasmus+ Еуропалық Одақ бағдарламасына қатысудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі таңда СҚМУ-дің ғалымдары мен студенттері аталған бағдарлама бойынша бес жобаны жүзеге асыруда.
– Әр жыл сайын бағдарлама аясында жобаны жүзеге асыру үшін мыңнан астам өтініш беріледі. Оның тек 12 пайызы ғана қаржылық қолдауға ие болады. Осы орайда СҚМУ-дің бес жобаны жүзеге асыруының өзі – зор жетістік, – деді Шайзада Тасболатова.
Ал Италиядағы Генуя университетінен келген ғалым Гуидо Амореттидің “Кәрілік және қоғам: университеттің рөлі” тақырыбында жасаған баяндамасы әріптестері арасында қолдауға ие болды. 1950-2020 жылдар аралығында әлем халқының саны үш есеге өскенімен, жасы 65-тен асқан тұрғындардың үлесі 5 есеге артқан. Ал 2090 жылдары жасы 65-тен асқандардың саны 18 есеге көбейеді екен. Жастардың емес, кәрілердің санының басым болуы жақсылықтың нышаны емес. Бүгінгі таңда халықтың қартаюы Батыс Еуропа елдерінде өзекті мәселеге айналып отыр. Ғалымдар алдағы 70 жылда Қытайда халық саны азайып, Африка елдерінде керісінше 4 млрд-қа жетеді деген болжам жасауда.