Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ағылшын тілінде жарық көрген “Құлагер” поэмасының тұсаукесері болды.
Алты Алаштың ардағы Ақан сері мен оның жел жетпес жүйрігі Құлагер жайындағы жауһар шығарманың халықаралық аудиторияға жол тартуына мүмкіндік туғызған Ілияс Жансүгіров қорының президенті Жанар Жандосованың айтуынша, аударма жұмыстары әжептәуір уақыт алыпты. Тәржімашы табу оңайға түспеген. Алғаш қолқа салғандары кешегі Кеңес Одағының бірқатар қаламгерлерін ағылшынша сөйлеткен Ричард Мак Кейн болыпты. Бірақ ол денсаулығы сыр беріп жүргендіктен, жауапкершілігі тым жоғары міндетті мойнына ала алмайтынын алға тартып, өзінің орнына үздік шәкірті Белинда Куктың кандидатурасын ұсыныпты. Бұған дейін Борис Пастернак, Марина Цветаева, Осип Мандельштам секілді орыс поэзиясының озық ойлы өкілдерінің өлеңдерін аударып, тәжірибе жинақтаған Белинда ханым да бірден бел шеше кіріспепті. Әуелі орысшадан қотарып көрген екен, онысы оң нәтиже бере қоймапты. Содан қабырғасымен кеңесіп, қазақшадан тікелей ағылшын тіліне жолма-жол аудармаға жүгінуді жөн көріпті. Ал кітаптың басылуына демеушілік еткен Ұлттық аударма бюросы екенін атап өткен жөн.
Дерек көзі: “Егемен Қазақстан” газеті.