Қазіргі уақытта облыс орталығында лифтілердің басым бөлігінің тозығы жеткен. Петропавл қаласында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерде 350 лифті болса, көбі ауыстыруды талап етеді. Сондықтан қала тұрғындары біздің департаментке лифтілерді ауыстыру бойынша өтініш айтып, жиі хабарласады.
Кеден одағында “Лифт қауіпсіздігі туралы” (КО ТР 011/2011) техникалық талаптар бар. Біздің елімізде жеделсатыларды ауыстыру жұмысын 2014 жылдан бері жергілікті атқарушы орган жүргізеді. Кеден талаптарында лифтілер әр жеті жыл сайын талаптарға сәйкестендірілуі керектігі жазылған. Яғни, 2020 жылғы 15 ақпаннан бастап оларды жаңғырту немесе бөлшектерін ауыстыру жұмыстары қолға алынуы тиіс.
Бүгінгі таңда лифтілерге техникалық қызмет көрсету, сәйкестігін растау және сынау жөнінде бірқатар мәселелер бар. “Лифт қауіпсіздігі туралы” техникалық талаптарға сәйкес жеделсаты міндетті сертификаттаудан өтуі тиіс. Құжатта лифтілерді жаңғырту және оның қауіпсіздігін арттыру мәселелері атап көрсетілген. Өндіруші туралы ақпарат (атауы және тауар таңбасы), бұйымның зауыт нөмірі және әзірленген жылы қолжетімді жерде орналастырылуы тиіс. Құжатта лифт қауіпсіздігіне арналған талаптар айқын болуы керек. Сондай-ақ, регламенттер мен қосымшаларда өнімді сертификаттау схемалары мен ережелері толық жазылып, міндетті сертификаттауға жататын қауіпсіздік құрылғыларының тізбегі келтірілген.
Лифтіні алып тастау немесе қосымша жабдықтар орнату туралы шешімді үй иелері қабылдайды. Осы орайда ол аккредиттелген зертхана жүргізген сынақтар және сәйкестікті растау органы ұсынған құжаттарға сүйенеді. Жеделсатының қауіпсіздігі заңнамада белгіленген тәртіппен тексеріледі. Заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес аккредиттелген ұйым техникалық куәландыруды 12 айда бір рет жүзеге асырады.
Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі “Кеден одағының техникалық регламенттеріне өзгерістер енгізу туралы” 2019 жылғы 19 желтоқсанда №112 шешімді қабылдады. “Лифтілердің қауіпсіздігі” (КО ТР 011/2011) техникалық регламентінің 5.5-тармағындағы “7 жыл” деген сөздер “12 жыл” деген сөздермен ауыстырылды. Яғни, қазір ол үшін белгіленген шаралар 2025 жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей аяқталуы мүмкін.
Азамат КӘРІМОВ,
облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы.