Жергілікті ардагерлерге 70 жылдық торқалы той қарсаңында республикалық “Жеңіс” жобасы бойынша “SOS” дабылды түймесі бар ұялы телефондарды сыйға тарту акциясы жалғасуда.
Таяуда төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ардагерлері – отставкадағы полковник Василий Терейковский мен капитан Мұқатай Айтбаев сондай қажетті құрылғылардың иесі атанды. Оларды “Төтенше жағдайлар жөніндегі ардагерлер органдарының қазақстандық ұйымы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Сағынбай Уәлиев пен петропавлдық волонтер Павел Мамонтов табыс етті.
Василий Дмитриевич пен Мұқатай аға бағалы сыйлыққа ризашылықтарын білдіріп, Елбасыға деген шынайы алғыстарын жеткізді. Қос майдангер Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуына бір кісідей үлес қосты. Бейбіт күндерде адамдардың өмірі мен денсаулықтарын қорғау үшін тәулік бойы кезекшілік атқарып, “тілсіз жаумен” арпалысты.
Сағынбай Қойбағарұлы ардагерлердің көптен күткен Жеңістің 70 жылдығын аман-сау көріп, аталмыш “SOS” дабылды түймесі бар ұялы телефонды сирек қолдануларына тілектестігін білдірді.
Асқар ЫСМАҒҰЛОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кадр жұмысы бөлімінің бастығы,
өртке қарсы қызмет майоры.
Суретте: салтанатты рәсім