Өткен жылдың соңында қалалық әкімдіктің жанынан “іKomek” жедел әрекет ету орталығы ашылған болатын. Содан бері облыс орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы түйінді мәселелердің жедел шешілуін қамтамасыз етуі тиіс диспетчерлік қызметтің жұмысы үнемі жетілдірілуде. Облыс тілшілерімен кездескен Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков жедел әрекет ету орталығының қазіргі жұмысымен таныстырып, өткен айларда оң тәжірибе жинақталғанын айтты. Алдағы уақытта бұл жүйе толыққанды жұмыс істеуге көшкенде тұрғындардың әр өтініші жедел шешіледі деген үміт зор.
– Қазіргі таңда диспетчерлік қызмет азаматтардың абаттандыру, инфрақұрылымға қатысты өтініштерін жинақтауда. Бір жылдан кейін әр қызылжарлық өзінің жол жөндеуге, желілерге, апаттарға, үй құрылысына қатысты өтінішінің қай кезде орындалатынын біліп отырады, – деді қала әкімі Болат Жұмабеков.
Бұл жүйе адами факторды азайту мақсатын көздеп отыр. Себебі, Петропавл қалалық әкімдігінің осы салаға жауапты бөлімдерінде кадр тұрақсыздығы бұрыннан белгілі жайт. Әр ауысқан маманмен бірге тұрғындардан келіп түскен арыз-шағым да ұшты-күйлі жоқ болады. Ал жедел әрекет ету орталығы әр өтініштің ұмыт қалмауын қадағалайды. Осылайша, тірнектеп жиналған ақпаратқа тоқсан сайын сараптама жүргізіліп, жүйелі түрде туындап отыратын мәселелер анықталуда. Мәселен, бір көшеде апат жиі орын алса, бұл ақпарат монополистерге жіберіліп, келер жылы жүргізілер жөндеу жұмыстары кезінде ол ескерілетін болады. Сонымен қатар соңғы үш жылда көктемде қай ауланы су басқаны жайлы ақпарат та жинақталып, қыста сол жерлерді қардан тазалау жүйелі түрде жүргізіліпті.
– Облыс орталығында жиі туындайтын мәселе – мердігерлер мен коммуналдық қызметтердің жөндеу жұмыстарынан кейін аумақты абаттандырмай, ашық-шашық қалдыруы. Жедел әрекет ету орталығы арқылы осы мәселені шешпекпіз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында мамандар жиі ауысқандықтан, кімге ордер бергендері де естерінде жоқ. Ал қазір берілген ордерлер жайлы ақпарат базаға енгізіліп, оны орындау мерзімі де анықталады, – деген Болат Жұмабеков егер ордер белгіленген уақытта кемшілік жойылмаса, жүйе автоматты түрде мердігерге және компанияны жауапкершілікке тарту жөнінде полиция департаментіне хабарлама жібереді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта “WhatsApp” қосымшасында чат құрып, қалалықтардың өтініш-шағымдарын қабылдау жоспарланып отыр. Себебі, қырағы тұрғындардың көмегінсіз қаладағы жағдайды тұрақты бақылау қиын. Болашақта автоматтандырылған жүйе арқылы қоғамдық көліктердің бағытқа шығуын, кейбір көшелердегі бағдаршамның жұмысын, жер телімдерінің пайдаланылуын қадағалау көзделіп отыр.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.