«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ

Қазақстан Республикасының Президенті 2014 жылғы 17 қаңтардағы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке “Самұрық-Қазына” АҚ бірлесіп, мемлекет қатысатын барлық компанияларға талдау жүргізуді, жеке секторға беруге жататын кәсіпорындар тізбесін айқындауды тапсырды.

Елімізде мемлекеттік меншік пен ұлттық компаниялардағы кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға қосуға мүмкіндік беретін жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Қазақстан Республикасының Үкіметімен жекешелендірудің жаңа тәсілі қолданысқа енгізілді. Бұл ретте жекешелендіруден кіріс алу негізгі мақсат болып табылмайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен 2014-2016 жылдары жекешелендіруге жататын нысандар тізбесі бекітілді.

Коммуналдық меншік нысандарының тізбесіне сәйкес облыстың 39 ұйымы бәсекелестік топқа беруге қосылды, оның ішінде 26 коммуналдық меншік кәсіпорыны және “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ-ның 13 еншілес ұйымы бар. Осы бағдарлама шеңберінде 2014 жылы облыстық бағыныстағы 3 кәсіпорын сатылып, жалпы сомасы 32,1 миллион теңге пайда түсті. Оның ішінде саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, “Есіл” волейбол клубы, облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы жекеменшікке беріліп, 1 кәсіпорын таратылды (Шал ақын ауданының “Сергеевка СК” ЖШС). Петропавл қаласы мен облыс аудандарынан жекешелендіруге жататын 19 нысанның бірде-біреуі 2015 жылы сатылмады. Кейбір нысандар құны 60 пайызға төмендетіліп, саудаға үш-бес рет қойылды.  

Нысандардың инвестициялық тартымсыз және сату құнының жоғары болуына байланысты сатып алушылар тарапынан сұраныстың жоқтығы, саудаға шығарылған ұйымдарға қызығушылықтың төмендігі сауданың өткізілмеуінің басты себебі болып табылады. Сондай-ақ, 2015 жылы бәскелестік ортаға беруге ұсынылған “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы” АҚ-ның 13 еншілес ұйымы ішінен 2014 жылы ӘКК-ның негізгі үлесін өткізу жүзеге асырылды (“Құрғақ бетонды қоспалар зауыты” ЖШС үлесінің 20 пайызы 36 миллион теңге), саудаға 5 нысан шығарылғанымен, өтінімдердің болмауына байланысты сауда өткізілмеді, ал жер қойнауын пайдаланудың 7 нысаны үлестерді сату рәсімі заңнамасындағы келіспеушіліктерге байланысты саудаға шығарылмады. Оның басты себебі, электрондық сауда-саттық арқылы жер қойнауын пайдалану нысандарын меншіктен шығару рәсімін реттейтін құқық тәртібі болмады.

2020 жылға дейін экономикада мемлекеттің қатысу үлесін дамыған елдер деңгейіне дейін жеткізу үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 30 қарашада “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап өтті. Сол бағыттардың бірі – жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру болып табылады.

Президентіміз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ауқымды жекешелендіру мен бәсекелестікті кеңейту қажеттігіне баса тоқталды. Бұл тапсырманы орындау үшін “Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен жекешелендірудің жаңа кешенді жоспары және оны іске асырудың нысаналы индикаторлары бекітіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурызда қабылданған қаулысының күші жойылды.

Бұл ретте 2020 жылға дейін республикалық меншіктегі ұйымдардың квазимемлекеттік сектор субъектілерін 15 пайызға қысқарту, сондай-ақ, жалпы 5 пайыздық санмен жекешелендірудің жоспарына мақсатты индикаторы ретінде белгіленіп, коммуналдық меншіктегі ұйымдардың бәсекелестік тобына қосылады. Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған ұйымдардың жаңа тізбесіне 23 коммуналдық меншік ұйымы, оның ішінде былтыр өткізілмеген 19 КМК және 4 жаңа кәсіпорын (“Олимпиада чемпионы А.Винокуров атындағы континенталды велосипед клубы”, “Қызылжар оранжереясы”, “Ат спорты түрлерінен облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі” КМҚК-лері мен “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС) бар. “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ-ның 12 еншілес компаниясы да бәсекелестік тобына қосылуға ұсынылған ұйымдардың тізбесіне кірді.

Нысандарды бәсекелестік ортаға беру жұмысы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың биыл ақпан айында бекіткен 2016-2020 жылдары коммуналдық меншіктегі ұйымдардың бәсекелестік тобына беруге жататын “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ активтерінің кестесіне сәйкес жүргізілуде. Былтыр сатылмаған аудандық 17 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорыны биыл бәсекелестік ортаға беруге ұсынылды, ал қалғандары 2019-2020 жылдары сатылымға қойылады.

Бәсекелес ортаға берудің әртүрлі үлгісі бар (жекешелендіру, тарату, қайта құру жолымен қайта ұйымдастыру), 14 кәсіпорын бойынша жекешелендіру және “Алпаш”, “Мөлдір су”, “Жігер” КМК-лерін үлестерін кейін сату арқылы ЖШС-ге қайта құру жоспарланған.

Тұрғындарды жылумен, сумен және кәрізбен жабдықтау сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар бейінін сақтау міндетті шартымен коммерциялық тендер бойынша сатылатын болады. Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруды бақылау мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен әзірленген есептілік нысаны негізінде ай сайын бақылау жүргізіледі.

Қазіргі таңда аудан әкімдіктері сату алды іс-шараларын жүргізуде: тиісті әкімдіктер қаулыларымен бәсекелес ортаға беруге жататын нысандар тізбесі бекітіліп, оларды өткізу мерзімі айқындалды.

Бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған “Солтүстік” ӘКК ҰК” АҚ-ның 12 еншілес компаниясының 1 кәсіпорны 2015 жылы сатылды, биыл 5 еншілес ұйым сатылымға шығарылады. Сатып алушылар тарапынан қызығушылықтың болмауына байланысты 3 ұйымды тарату көзделді, ал қалғандары келесі жылға жоспарланды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары шеңберінде ҚР Қаржы министрлігімен “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңына өзгеріс енгізілді. Осы заңды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі биыл қолданысқа енгізілген жекешелендіру нысандарын сату қағидасын жаңа редакцияда әзірледі.

Осы өзгерістер арқылы бірқатар проблемалық мәселелер шешілді. Мәселен, мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік компаниялар нысанды теңгерімдік құнынан төмен сатуға ниетті емес. Қазіргі жағдайда активтердің бағасы теңгерімдік құнынан біршама төмен болуы мүмкін және осы бағадан төмен сатуға болмайды деген қорқыныш та жоқ емес.

Жекешелендіру құрылымын жеделдетуге арналған жаңа тетіктер енгізілді және www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жекешелендіру нысандарын сату бойынша электрондық сауданы (бағаны арттыруға және азайтуға аукцион, тендер, жабық тендер) ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмыс жетілдірілді. Нысандарды нарықтық бағамен, соның ішінде теңгерімдік құнынан төмен бағамен сату, мемлекетке тиесілі акцияларды сату кезінде сауда өткізу туралы хабарлама мерзімін 30 күннен 15 күнге дейін қысқарту, жекешелендіру кезіндегі міндетті шарттарды және жекешелендіру нысанын бөліп төлеу шартымен беру рәсімін алып тастау, сондай-ақ, бейінін сақтап қалу шартын есептемегенде, мүлікті бөліп төлеу шартымен беру туралы шешім қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің орын алу мүмкіндігін алып тастау заңнамамен көзделген. Сондай-ақ, аукцион өткізудің екі әдісін белгілеу: бағаның өсуі немесе төмендеуіне қарай (жекешелендіру нысаны бірінші саудаға бағаны арттырумен, екінші саудаға бастапқы бағадан 50 пайыз ең төменгі деңгей шамасында, үшінші саудаға ең төменгі бағаны белгілемей-ақ, бағаны төмендетумен шығарылады). Кейінгі сауда-саттықты өткізу уақыты белгіленеді (әрбір кезекті сауда жиырма жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады).

Нысанды саудаға шығару саны бойынша шектеулер қою (егер мемлекеттік кәсіпорындар, мүліктік кешен ретінде, сондай-ақ, мемлекеттің қатысуы жүз пайызды құрайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, өткізілген үш сауда барысында сатылмаса, онда бұл заңды тұлғалар таратылуға жатады).

Порталда тендер өткізу мерзімін белгілеу (Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерекелік және демалыс күндерін есептемегенде, сейсенбі-жұма күндері аралығында Астана уақыты бойынша сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін) жүзеге асырылады.

Аукцион өткізу кезінде нысанның бастапқы және ағымдағы бағасының 5 пайыз мөлшерінде бағаны өзгертудің бірыңғай қадамы белгіленеді. Сондықтан енгізілген жаңалықтарға байланысты жекешелендірудің кешенді жоспарын белгіленген мерзімде іске асыру мүмкін деп есептеймін. Нысандарды жекешелендіру мемлекеттік мүдде ғана емес, бизнес орта үшін де оңтайлы сәт екенін баса айтып өткім келеді.

Ескен ӘКІМЖАНОВ,

облыстық қаржы басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp