Қазақстан Республикасының Президенті 2014 жылғы 17 қаңтардағы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, мемлекеттің қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, жеке секторға берілетін кәсіпорындар тізімін анықтауды Үкіметке тапсырған болатын.
Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың қарауындағы кәсіпорындар мемлекеттік тапсырыстар алып, жеке бизнестің даму мүмкіндігінен асып түсіп отыр. Мемлекеттің міндеті – бизнеске бәсекелес болу емес, оның дамуы үшін жағдай жасау. Соған байланысты мемлекеттің қатысы бар мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды оңтайландыру арқылы дамыған елдердің деңгейіне дейін бәсекелес ортада мемлекеттің қатысуын қысқарту қажет. Бәсекелес ортада жұмыс істейтін ұйымдарды мемлекет ұстап тұрмауы керек, өйткені ол бәсекелестік ортада теңсіздік, масылдық көңіл күйді тудырады және жеке кәсіпкерлердің салықтары есебінен құрылатын бюджетті шығынға ұшыратады. Осы алдағы жекешелендірудің екінші толқынының басты лейтмотиві болып табылады.
2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауына сәйкес Президент стратегиялық емес сипаттағы нысандарға жекешелендірудің екінші толқынын жүргізуді тапсырған болатын. Содан кейін 2014 жылы 14 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы “Ұлттық экономикаға мемлекеттің қатысу үлесін 2020 жылға дейін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) көптеген дамыған елдерінің деңгейіне, ІЖӨ-ні 15 пайызға дейін жеткізу” жөніндегі мақсатты индикаторды айқындады.
Бұл тапсырманы орындау үшін ел Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы №280 қаулысымен кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын қысқартуға бағытталған шараларды қарастыратын 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілді. Осы қаулы ел Үкіметінің 2014 жылғы 30 сәуірдегі №429 қаулысымен енгізілген өзгерістерді ескере отырып, жекешелендіруге жататын ұйымдардың тізімін, соның ішінде коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізімін бекітті.
Қазақстан Республикасының жекешелендіру туралы заңнамасы алғашқы кезден бастап экономикалық жетістіктері бүгінгі күні дамушы елдер үшін үлгі болатын алдыңғы қатарлы мемлекеттердің, дүниежүзілік қаржы институттарының тәжірибелеріне негізделді. 1994-1996 жылдардағы транспаренттілік пен бәсекелестік қағидалары бүгін де негіз болып табылады. Сонымен бірге осы салада қабылданған әрбір жаңа құжат жемқорлық нормаларды барынша болдырмайтындығымен ерекшеленеді, ал сауда жүргізуге сатушылар мен сатып алушылардың тура байланысын болғызбайтын заманауи технологияларды қолдану осы қағидаларды өмірде жүзеге асыруға жол ашады.
Қазіргі уақытта жекешелендіру нысандарын сату ережесіне Үкімет қаулысымен бекітілген өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік меншік пен ұлттық басқарушы холдингтердің және ұлттық компаниялардың меншігін бірыңғай сауда алаңында сату мемлекеттік меншік тізілімінің веб-порталында жүзеге асырылады. Аукцион мен коммерциялық тендер әдісімен сауда-саттық тек электронды форматта өткізіледі.
Веб-порталда сауда-саттыққа қалай қатысу жайындағы нұсқау мен инфографикадан басқа, нысанды сатуға арналған әрбір қадам туралы баспасөз хабарламасы орналастырылады.
Мемлекет меншігін жекешелендіру барысында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында республикалық және коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру жөніндегі тұрақты жұмыс комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілген.
Бірыңғай сауда алаңы барлық сатылатын нысандар туралы ақпараттың және олардың сатылуға қойылу мерзімінің бір жерде болуын жинақтауға мүмкіндік береді. Электронды сандық қолтаңба (ЭСҚ) болған жағдайда кез келген саудаға қатысушы өздігінен веб-порталда тіркеліп, саудаға қатысу үшін ЭСҚ-мен электронды өтінім бере алады. Сол сияқты, сауда аяқталғаннан кейін кепілдік жарнасын қайтаруға өтініш жазуға немесе сауда жеңімпазы ретінде нәтижесі туралы хаттама алуға мүкіндігі бар.
Аталмыш ақпараттық жүйенің әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелермен бірлескен іс-әрекеті сауданың әлеуетті қатысушысын саудаға қатысу үшін қандай да бір құжаттарды беру қажеттілігінен босатады.
Солтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншік нысандарын және “Солтүстік ҰК” АҚ-ның еншілес кәсіпорындарын 2014-2016 жылдары сату кестесіне сәйкес облыстық қаржы басқармасы облыстық бағыныстағы жалпы сомасы 32,1 млн. теңгенің 3 кәсіпорнын жекешелендірді (“Есіл” волейбол клубы” ҚМКК, “Облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы” ҚМКК, “Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы” ҚМКК).
2015 жылы аудандық коммуналдық меншік пен Петропавл қаласының 20 нысаны жекешелендіруге жатады, оның біреуі таратылды (Шал ақын ауданындағы “Сергеевка СК” ЖШС).
Мемлекеттік меншікті сатудан түскен қаражат сәйкес түрде облыстық және аудандық бюджеттерге бағытталады. Бюджет қаражатын пайдалану тәртібі бюджеттік заңнамамен анықталған.
Ұлттық басқарушы холдингтерге және ұлттық компанияларға тиесілі активтер мен компанияларды сатудан алынған қаражат холдингтер мен ұлттық компаниялардың бюджеттеріне түседі және активтерді сатудан түскен қаражаттарды пайдалану тәртібін анықтайтын қоғамның жарғысы мен ішкі құжаттарына сәйкес бөлінеді.
Қазақстан Республикасының “Бағалау қызметі туралы” Заңына сәйкес нысандардың нарықтық бағасын тәуелсіз бағалаушы анықтайды. Бағалаушы Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңына сәйкес таңдалады. Бағалаушы анықтаған нарықтық баға жекешелендіру жөніндегі комиссияда қаралады және нысанның ерекшелігіне, оның жағдайына және басқа себептеріне қарай көбейтілуі немесе азайтылуы мүмкін.
Қазақстандағы екінші жекешелендіру жетістігінің басты шарты – мүлікті бағалағаннан бастап, әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалану жағдайын аяқтағанға дейінгі шаралардың барлығының ашық жүргізілуі. Онсыз қалғанының барлығы маңызды емес. Жекешелендірудің басты мақсаты әділ бәсекелестік күрес жолымен мемлекет мүлкінің бір бөлігін тиімді жұмыс істейтін бизнесмендерге беру екені белгілі.
Істі дұрыс жолға қойған жағдайда бірден екі маңызды мәселе шешімін табады – әлеуетті рентабельді мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру ұлттық экономиканың тиімділігін арттыруға жағдай жасайды. Бұл – болашақтағы іс. Ал бірден көрінетін нәтижелер мынадай: мемлекеттік бюджет шығынды кәсіпорындарға демеуқаржы бөлу жүгінен арылады, салық салынатын базаны кеңейтеді, оған қосымша нақты ақша алады. Өзіндік және дүниежүзілік тәжірибені ескере отырып, науқан бастау алғанға дейін қулық-сұмдық үшін қолданылатын амалдарды барынша қарастырып, оларды заң жүзінде “тұсап тастау” керек. Осы ретте Джон Голсуорси: “Әділеттілік – алғашқы мәре берілгеннен кейін дербес жұмыс істейтін машина”, – деп дәл тауып айтқан сияқты.
Ескен ӘКІМЖАНОВ,
облыстық қаржы басқармасының басшысы.