«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ жетіспейтін инфрақұрылымдарды тарту туралы

“Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ-ның облыстық филиалында тікелей эфирде өткен кезекті баспасөз конференциясына Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев қатысты. Онда “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерін индустриялық инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты шағын және орта бизнес субъектілеріне жетіспейтін инфрақұрылымдарды тартуды қарастырады. Бөлінген қаражат жол,темір жол тұйықтарын, өндірістік алаңдар үшін бу қазандықтарын салу, су мен бу құбырларын тарту, жылумен жабдықтау, газдандыру, телефон байланысы, қосымша электр станцияларын, электр тарату желілерін орнату, ұңғымалар қазу сияқты инфрақұрылымдардың құрылысына және қалпына келтіруге бағытталуы тиіс , – дей келіп, Антон Владимирович осы бағытта 2013 жылы облыс бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттен 425,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде 13 кәсіпкердің өтінімі бойынша облыс әкімдігі жанындағы Өңірлік үйлестіру кеңесі бекіткен 7 жоба жүзеге асқан. Атап айтқанда “Адель Құс” ЖШС кәсіпкерінің өтінімі бойынша 48,2 млн. теңгеге Қызылжар ауданының Малое Белое ауылындағы өндірістік аумаққа су құбыры тартылды, 53,6 млн. теңгеге өндірістік аумақтың кірме жолы қалпына келтірілді. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында “ПМК-5” ЖШС-нің өндірістік базасына 25,1 млн. теңгеге инфрақұрылым жасалды. Петропавл қаласындағы “Джип” ЖШС, А.Сухарев, Р.Симонян, И.Ганбаров ЖК-лерінің өтінімі бойынша өндіріс орындарын электрмен жабдықтау және оны “Кирпичный” кентіндегі электр желісіне қосу жұмыстары атқарылды. Оған 138,3 млн. теңге бюджет қаржысы жұмсалды. “Фрегат”, “Петропавлкондитер” ЖШС-ларының және Р. Джокиладзе, В.Гуськов ЖК-лердің өтінімі бойынша Петропавлдағы “Береке” шағынауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (автожол) салынды. Жоба құны – 106,6 млн. теңге. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Михайловка ауылындағы “Жаңа” шаруа қожалығының мал кешені үшін сыртқы электрмен жабдықтау желісі тартылды.

Бұл нысандардың барлығы да пайдалануға берілді. Тек М.Жұмабаев ауданының Бәйтерек ауылындағы “Нұрсен-Агро” ЖШС-нің мал кешенінде су құбырлары мен электр желілерін қалпына келтіруге бөлінген қаржының 57 пайызы ғана игерілді. Бұл жұмыс биыл аяқталады.

Биыл аталмыш бағдарлама аясында 19 кәсіпкердің өтінімі бойынша сомасы 167,4 млн. теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылады. Онда “ТНС-Экспорт” ЖШС-нің Петропавл қаласындағы астық қабылдау кәсіпорнына алаңнан тыс электр желісін тарту, облыс орталығындағы Парк көшесіне Партизан көшесінен Челюскин көшесіне дейінгі аралықта жол салу, Северный көшесіндегі Я.Гашек көшесінен айналма жолға дейінгі жолды, Я.Гашек қысқа көшесіндегі және Жамбыл көшесіндегі жолдарды қалпына келтіру қарастырылған.

Алдағы 2015 жылы “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша сомасы 2031,7 млн. теңгенің 5 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Аталмыш қаржыға Петропавлдағы Северный көшесінің Я.Гашек көшесінен басталатын жолды айналма жолға дейін жөндеуден өткізілмек, Айыртау ауданындағы қалайы кенін өңдеу жөніндегі “Сырымбет” тау кенметаллургия комбинатына, Ақжар ауданындағы Казанка ауылында “Сүт” ЖШС-нің мал кешеніне сыртқы электрмен жабдықтау желілерін тарту, Петропавлда Набережная-Рига-Айыртау көшелері бойында салынып жатқан балабақшаға сыртқы инженерлік желілер құрылысын атқару қарастырылған.

“Осындай мемлекеттік қолдауға қалай қол жеткізуге болады? Ол үшін кәсіпкерлерден не талап етіледі?” деген БАҚ өкілдерінің сауалдарына Антон Федяев: “Бағдарлама аясындағы қолдау экономиканың басым бағыттарының бірі – өндірістік инфрақұрылымдарды тартуға көрсетіледі. Қолдау көрсету үшін кәсіпкер өндірістік инфрақұрылым жобасын қамтамасыз ету туралы өтінімді бағдарламаның үйлестірушісі – облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасына жолдауы керек. Ол өңірлік Үйлестіру кеңесінде қаралып, құрылысты қаржыландыру туралы шешім қабылдайды”, – деп жауап берді.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан ”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp