Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясы барысында Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Сергей Ли Қазақстандағы сот орындау институтын дамытудағы оң үрдістер туралы айтып берді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы мемлекеттік жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі заң үстемдігін қамтамасыз ету болып табылатынын еске сала кетейік.
«Сот актісін орындау – құқықтық тәжірибенің маңызды бөлігі, ал сот шешімдерін орындаудың толықтығы және уақтылы болуы әділ соттың тиімділігін, сот билігінің беделін ғана емес, мемлекеттің абыройын да айқындайды», – деп атап өтті спикер.
Сергей Лидің пікірінше, тиімділігін дәлелдеген жеке сот орындау институты 2010 жылдан бастап жұмыс істей бастады.
«Біріншіден, соның арқасында сот және басқа да актілерді орындаудың сапасы артты, екіншіден, сот актілерінің орындалмауына түсетін шағымдардың саны азайды. Сонымен қатар, жалпы орындау мерзімдері төмендеді», – деді Сергей Ли.
Оның айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жоспарланған жеке орындау үлгісіне толықтай көшу бұл саладағы алға басу үрдістерін жалғастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік биліктің беделі нығайып, Қазақстанның заң үстемдігін қамтамасыз ету рейтингісі көтеріледі. Бұл еліміздің әлемнің ең дамыған 30 елдері қатарына кіруге қолайлы жағдай жасайды.