«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеке сот орындаушылар тапшы

Жеке сот орындаушыларының қызметі Еуропа елдерінде бұрыннан бар. Елімізде бұл жүйе жан-жақты талқыланғаннан кейін енгізілді. Өңірімізде жеке сот орындаушыларының қызметі қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқандығын білу үшін республикалық жеке сот орындаушылар палатасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Совет Кәкішевпен кездескен болатынбыз.

– Совет Елтайұлы, бүгінгі атқарушылық іс жүргізу жүйесінің жаңа үлгісі жайында айтып берсеңіз. Қандай жаңашылдықтар енгізілген?

– Мемлекеттік сот жүйесінің тиімділігінің бірден-бір көрсеткіші сот шешімдері мен актілерінің орындалуы болып табылады. Бүгінгі жағдайға қарасақ, сот шешімдерінің орындалуы талапқа сай емес. Менің ойымша, бұған сот орындаушыларына артылған жұмыс жүктемесінің көптігі, еңбекақының аздығы себеп болуда. Ал 2010 жылы қабылданған “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заң елімізде атқарушылық іс жүргізу жүйесінің жаңа үлгісін жасауға мүмкіндік берді. Енді жеке сот орындаушылары мемлекеттік сот орындаушыларымен бірлесе жұмыс істей алады. Бір кездері аталған заңның қажеттілігі айқын сезіліп, жұртшылық оның қабылдануын күткен еді. Заңда сот орындаушыларының жұмысына бірқатар басымдылықтар берілген. Атап айтқанда, олар соттық және өзге де актілерді орындау сапасын көтеруге, орындалу жылдамдығын жақсартуға, заңдық актілерді орындауды қамтамасыз етуде мемлекеттік шығынды қысқартуға тиіс. Мұндай нәтижеге жеке сот орындаушыларын жұмысқа ынталандыру арқылы қол жеткізу көзделді. Яғни, жеке сот орындаушы сот шешімінің жүзеге асуына мүдделі, себебі оған төленетін сыйақы өндірілген сомаға тікелей байланысты болады. Атқарушылық іс жүргізудің жаңа үлгісі өзінің әлеуетін танытқандықтан, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.

Жалпы сот орындаушылары институтын жан-жақты дамыту тұрғындарға өз құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, олардың қызметінің нәтижелілігін жаңа деңгейге көтеруі тиіс.

– Жеке сот орындаушылары институтының дамуы олардың мемлекеттік негіздегі әріптестерінің қысқаруымен байланысты болмақ. Бүгінгі таңда өңірімізде 70-тен астам мемлекеттік сот орындаушысы еңбек етуде. Олардың тағдыры не болмақ?

– Расында да, алдағы уақытта мемлекеттік сот орындаушылары кезең-кезеңмен қысқартылады. Биыл – 30 пайызын, ендігі жылы тағы да осынша мөлшерде сот орындаушысын қысқарту жоспарланған. Қысқартылғандар – жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына кіретін негізгі үміткерлер. Алайда, жеке сот орындаушысы болу да мол қаржыны қажет етеді. Яғни, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына кіру үшін үміткер бастапқы жарнаны төлеуі қажет. Мәселен, Петропавл қаласы бойынша бастапқы жарна – 150 мың теңге. Сондай-ақ, жеке сот орындаушының жұмысқа қажетті техникаларымен жабдықталған жұмыс орны болуы тиіс.

– Бүгінгі таңда өңірімізде қанша жеке сот орындаушысы жұмыс істейді?

– Осы күнге дейін өңірімізде 32 жеке сот орындаушы тіркелген. Оның 20-сы Петропавл қаласында жұмыс істесе, қалғандары аудандарда еңбек етуде. Жалпы біздің облысқа елу шақты жеке сот орындаушы қажет. Бүгінгі таңда тек алты аудан жеке сот орындаушыларымен қамтылған. Қалған аудандардағы жеке сот орындаушыларына тиесілі жұмысты жүргізу үшін өзгелерін тартудамыз. Өйткені, 2016 жылдың басынан жеке және заңды тұлғалардың пайдасына ақша, алимент, еңбекақы өндіріп алу, мемлекет пайдасына әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істер бойынша шығарылған сот актілерін орындау, уәкілетті органдардың әкімшілік айыппұлын төлету туралы қаулылардың тек 1000 айлық есептік көрсеткішіне дейінгісін жеке сот орындаушысы орындайды. Осы орайда өкілетті органдармен және республикалық жеке сот орындаушылар палатасымен келісе отырып, жұмыс істеп жатқан жеке сот орындаушыларды қамтылмаған аудандарда қосымша жүктемелерді алуға міндеттедік. Ашығын айтсақ, бұл – жеке сот орындаушылары үшін шығынды жұмыс. Мәселен, Петропавлдағы әріптесіміздің жеке сот орындаушысы жоқ Жамбыл ауданындағы борышкерден 10 мың теңге айыппұлды өндіргені үшін алатын сыйақы көлемі 2500 теңге ғана. Сыйақы оның жол шығынын да ақтамайды. Бұл жұмыс олар үшін тиімсіз болсадағы, өтінішімізді аяқасты етпей, түсіністікпен жұмыс істеуде. Жеке сот орындаушыларының атқарған жұмысына алатын ақысының көлемі қолданыстағы заңдармен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

– Болашақта өңіріміздегі жеке сот орындаушылары институты қалай дамиды деп ойлайсыз?

– Түйінді мәселелер жетерлік. Мемлекеттік органның жекеменшікке өтуі оңай шаруа емес. Жеке сот орындаушылар жұмысы енді қолға алына бастағандықтан, тәжірибе жинақтаудамыз. Осы орайда құрылған жеке сот орындаушылар құрылымы мемлекеттік сот орындаушыларының жылдар бойы қалыптасқан жұмыс үлгісінен басқа жаңа тәсілдерді қолдануы қажет. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысымызды қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жандандыра түсеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp