Жоғары нәтижелерімен жанкүйерлерін қуантып жүрген жерлесіміз Ербол Хамитов Италияда өтетін Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұстап шығады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көк байрақты салтанатты түрде табыс етті. Бұл – спортшының халықаралық аренадағы жетістіктеріне берілген жоғары баға әрі үлкен сенімнің белгісі.
Ербол Хамитов қазіргі таңда Польшадағы әлем кубогы кезеңінде де ел намысын абыроймен қорғап жатқанын айта кеткен жөн. Ол парабиатлоннан 12,5 шақырымдық жеке жарыста мәреге үшінші болып келіп, қола медальді қанжығасына байлады. «Бүгін 12,5 шақырымдық жеке жарыста үшінші орын алдым. Екінші атыс шебінде бір ғана қателік жібердім, сол үшін бір минут айып уақыты қосылды. Жарысқа кеше ғана ұшып келдім, ұшақтан кейін жүгіру оңай емес екен. Соған қарамастан үшінші орынды иеленуге мүмкіндік туды», – деп жазды Ербол Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жерлесіміз бұған дейін Германияда өткен әлем кубогы кезеңінде де сәтті өнер көрсеткен болатын. Атап айтқанда, парабиатлоннан 7,5 шақырымдық жарыста қола жүлде жеңіп алса, 0,9 шақырымдық спринтте күміс медальға қол жеткізген.
Ербол Хамитовтың халықаралық жарыстардағы көрсеткіштері мен Паралимпиадада Қазақстанның көк туын ұстап шығуы – өңір спорты үшін үлкен абырой. Оның жеңістері – жас спортшыларға үлгі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».