«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛБІРЕСІН, ТӘУЕЛСІЗДІК КӨК ТУЫ

Көк Туымыз енді бұрынғыдай мемлекеттік органдарда ғана емес, адамдар көп шоғырланатын орындарда, білім ордаларында және басқа да ғимараттарда желбірейтін болады. Бұл бастаманы “Nur Otan” партиясы Алматы қаласындағы “Медеу” мұз айнынында қолға алған болатын. Осынау шараны біздің өңіріміз де қолдап, заманауи “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық кешеніне мемлекеттік Туды орналастыруға арналған салтанатты шара өтті. 

Сауда орталығына жиналған көпшілік қауымның қолындағы көк байрақ – олардың мемлекеттік рәміздерге, ұлттық рухымызға деген сыйластығының белгісі. Алғашқы болып сөз алған “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова елдігіміз бен егемендігіміздің нышаны – көк байрағымыздың мәртебесін айшықтап, арттыруға бағытталған бастаманың маңызына тоқталды. 

– Біз “Менің туым, менің Отаным” акциясы аясында Мемлекеттік Туға деген құрметімізді көрсету мақсатында жиналып отырмыз. Қай заманда болмасын, әр рудың, тайпаның немесе елдің ұлттық рухын танытатын өзіне тән белгісі болғанын білесіздер. Сол сияқты біздің Мемлекеттік Туымыз – рухани байлығымыз. Көк түсті байрағымызды қашанда ашықтықтың, тазалықтың, мінсіздіктің белгісі, жарқын болашаққа деген сенім ретінде қабылдадық. Сондықтан мемлекеттік туымызды әрбір адамның қолында, әр шаңырақтың төрінде желбіретуді көздейтін бастаманы алғашқы болып қолдап отырған “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық орталығының басшылығына алғыс айтамыз, – деген Әсем Қалашбайқызы акцияны бірауыздан қолдап, көк Туымызды насихаттауға атсалысуға шақырды.
Еліміздегі ең үлкен тудың салмағы 100 килограмға жуық. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы “Атамекен” этно-мемориалдық кешеніне орналастырылған болатын. Биіктігі 111 метр болатын тұғырға қойылған тудың ені 15, ал биіктігі 30 метр. Сауда орталығына жиналғандар орынды бастама жалғасын тауып, алдағы уақытта жастар өздері тұратын жатақханаларға, директорлар басқарып отырған білім ордаларының төріне, басшылар мекемелеріне көк байрағымызды орналастыруы тиіс деген ой-пікірлерін білдірді. Биылғы жылдың қазан айында бастау алған акция 2020 жылғы 4 шілдеге дейін жалғасады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp