«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН

Үстіміздегі жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен XVIII жазғы Азия ойындарында қазақстандық жеңілатлеттер 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте сегізінші орынға жайғасқан болатын. Жүлдегерлердің бірі – жерлесіміз Михаил Литвин 4х400 метрлік эстафетада қола медаль иеленді. Жақында желмен жарысқан желаяқпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Михаил, Азия ойындарында жеңіп алған қола медаліңізбен құттықтаймыз. Кілең мықтылардың басы бір жерде тоғысқан бәсі биік додада үздіктердің қатарынан көріну қаншалықты қиынға соқты?

– Рахмет! Азия ойындарында аралас эстафетада бағымды сынадым. Ел құрамасында қырыққа жуық жеңіл атлетші бар. Алайда, маған Джакарта төрінде ел намысын қорғау бақыты бұйырды. Команда құрамында алматылық Светлана Голендова, шымкенттік Дмитрий Коблов және риддерлік Элина Михина өнер көрсетті. Жүктелген сенім үдесінен шығу үшін жақсы нәтиже көрсету керек болды. Сондықтан жарыс жолына шыққанда әріптестерімді жерге қаратпауға тырыстым. Бойымдағы бар күш-жігерді аямай, оқша зулауға тура келді. Нәтижесінде 400 метр қашықтықты 3.19.52 уақытта еңсеріп, үшінші орынға лайық нәтиже көрсеткенімізде төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Мәре сызығына бізден 4 секунд бұрын жеткен Үндістан елінің командасы екінші орынды иеленсе, бахрейндік желаяқтар жеңімпаз атанды.

Дегенмен, жекелей сынға көңілім толмады. Бұл сында маған тек алтыншы орын бұйырды. Бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндігім бар еді. Бірақ жолым болмады.

– Сіз 2017 жылы Түркіменстанның астанасы – Ашхабад қаласында өткен жабық кешендегі бесінші Азия ойындарында және Катардың Доха қаласында жалау желбіреткен Азия біріншілігінде қола медаль иелендіңіз. Спорттық мансабыңызда бұдан да басқа толағай жетістіктерге қол жеткізгеніңізбен, кейбір жерлестеріміз сізді тани бермейді. Осы орайда оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Мен 1996 жылы Петропавл қаласында дүниеге келдім. Облыс орталығындағы №32 орта мектепте оқыдым. Кішкентай кезімнен спортты жаныма серік етіп келемін. Сегіз жыл бойы достарыммен бірге футболмен шұғылдансам да, ара-тұра жеңіл атлетика жарыстарына қатысып жүрдім. Сөйтіп жүргенде қалалық жарыста 200 метрге жүгіруден жеңімпаз атанып, алғашқы бапкерім Ринат Аминовтың көзіне түстім. Білікті бапкер жаттығуларына шақырғанымен, көпке дейін футболды қимағаным рас. Арада бір жыл өткеннен кейін, яғни 2012 жылы біржола жеңіл атлетикаға ауысып, 200-400 метрге жүгірудің қырсырына қаныға бастадым. Тәжірибелі жаттықтырушымның арқасында төрт айдың ішінде облыс және ел біріншіліктерінде топ жарып, спорт шеберіне үміткер нормативін орындадым.

Келесі жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне дене шынықтыру мамандығына оқуға түстім. Осы кезде жүгірудің жілігін шағып, майын ішкен білікті бапкерлер – ерлі-зайыпты Александр мен Вера Окованцевтер қарамағына алды. Осылайша, бір жылдың ішінде спорт шебері атандым.

– Үстіміздегі жылы отандасымыз Александр Курочкиннің 34 жылдан бері мызғымай тұрған рекордын жаңартқаныңызды естіген едік. Шынымен де, қуанышты жағдай екен.

– Иә, жазда Алматыда жеңіл атлетикадан КСРОның еңбек сіңірген спорт шебері Ғұсман Қосановты еске алуға арналған турнирде жеңімпаз атандым. Дәстүрлі жарыста ерлер арасында 400 метрге жүгірген мен қарсыластарымды шаң қаптырдым. Бәсі биік додада жеңіске жетіп қана қоймай, ел рекордын жаңартқанымды естігенде қуанышымда шек болмағаны, айтпаса да түсінікті. Бойымды ерекше қуаныш сезімі кернеді. Бұған дейінгі Қазақстан рекорды Александр Курочкинге тиесілі болған еді. Ол 1984 жылы аталған қашықтықты 45.52 секундта жүгіріп өтіпті. Бұл төккен тердің, бапкерлерімнің еңбегінің жемісі деп білемін.

Үстіміздегі жылы Иранның Тегеран қаласында 4х400 метрлік эстафетада ел қоржынына күміс медаль салдым. Жалпы биыл Германия, АҚШ, Англия, Түркия, Қырғызстан елдерінде өткен дүбірлі додаларда бағымды сынап, әлемге әйгілі спортшылардан біраз тәжірибе жинадым.

– Михаил, спорттың падишасы деп танылған жеңіл атлетикаға келгеніңіз кеше ғана сияқты еді. Бүгіндері жастығыңызға қарамастан, еліміздің беткеұстар спортшыларының бірісіз. Жеткіншектерге өзіңіздің жетістікке жетудегі сырыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Мұның ешқандай да сыры жоқ. Бар гәп, спортты жан-тәніңмен сүйіп, өз-өзіңді аямай жаттығу. Менің балалық шағымдағы арманым – жеңіс тұғырынан көрініп, атаанамды қуанту. Бүгінгі таңдағы жетістіктеріме маған деген отбасымның, бапкерлерімнің қолдауының арқасында қол жеткіздім.

Мен жеңіл атлетикадан Олимпиаданың сегіз дүркін чемпионы, жеңіл атлетика тарихына аты алтын әріппен жазылған Усэйн Болтқа қарап бой түзеймін. 400 метрге жүгіруден әлем чемпионы Уэйд ван Никерктен де үйренерім көп. Әзірге басты бәсекелесім – катарлық Абдалелах Харум. Жеңіс ерен еңбектің арқасында келетінін ескерсек, жаттығу кезінде аянбай тер төгу маңызды. Сонда ғана қарсыластарын шаң қаптырған үздіктердің бірі боларың сөзсіз.

Сұхбаттасқан

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp