Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылының тұрғыны жергілікті дүкеннен сатып алған мандариннің ішінен ақ түсті таблеткалар тауып алды. Әлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратты облыстық полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы да растады. Қолымызға тиген ресми мәліметке сүйенсек, 8 қаңтар күні Қарағаш ауылының фельдшері Тайынша аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 1969 жылы туған ауыл тұрғыны жеміс ішінен сырт пішіні таблетка тәріздес белгісіз ақ түсті затты тауып алғанын хабарлаған.
Бүгінгі таңда аталған факті Қылмыстық кодекстің 306-бабы 1-бөлігі “Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Мүдделі ведомстволардың мамандары тартылып, қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдарының жүргізілуі облыстық полиция департаменті мен прокуратура басшылығының бақылауына алынды.
Сурет http://www.fruitlinkco.com/
сайтынан алынды.