Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары 104 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтаса, соның 83 пайызы – жемқорлық фактілері. Бұл жайлы “Аntıkor” орталығында өткен жылды қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Ернар Баянғазин мәлімдеді.
Келтірілген шығын көлемі 600 млн. теңгеден асады. “Бармақ басты, көз қыстылыққа” барған төрт адам бас бостандығынан айырылса, 27-сі айыппұл төлеп құтылған. Олардың қатарында облыстық, аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдардың он басшысы бар.
Есептік кезеңде жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында 26 мемлекеттік орган және оларға бағынышты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысына 15 сыртқы талдау жүргізілген. Нәтижесінде 112 ұсыным әзірленіп, бүгінге дейін соның 108-і орындалды.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндік жасау қажеттілігі республика деңгейінде көтеріліп жүр. Алайда, ісжүзінде бірқатар өзекті мәселелер шешімін таппай отыр. Белгілі бір қызметтер электронды түрге көшірілмеген, құжаттардың көшірмесін сұратады, – деген Ернар Ерболұлы мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті қызметтерді қолжетімді ету үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік қызмет порталын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл, бір жағынан, жемқорлық фактілерін азайтуға да мүмкіндік бермек.
Алдағы уақытта департамент базасында парасаттылық офицерлерінің кеңесін құру жоспарланған. Өйткені, жеке құрам арасында жемқорлық фактілерін болдырмау бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынғанымен, мұндай жағдайлар әлі де кездеседі. Аталған кеңес құқық қорғау органдарында кәсіби аппарат қалыптастырып, парасаттылық қағидаларының негізінде мамандарды қызметтік міндеттерін сапалы орындауға ынталандырып, осылайша, тұрғындардың сенімін арттыруды көздеп отыр. Сондықтан дауыс беру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен тәжірибелі және беделді мамандар іріктеліп, кеңестің төрағасы, оның орынбасары және мүшелері анықталатын болады.
Өңіріміздегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алып, өзекті мәселелерді шешуде “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі маңызды рөл атқаруда. Кеңсе жұмысы жайлы оның жетекшісі Амангелді Сатанов баяндады. Осы күнге дейін тұрғындардың игілігі үшін бірқатар жобалар қолға алынды. Мәселен, білім беру нысандарын күрделі жөндеу картасы арқылы кез келген тұрғын қай жерде қандай мекеменің жөнделіп жатқанынан хабардар бола алады. Бұл жауапты азаматтардың іс-әрекетін бақылап, шағымдарды азайтуға мүмкіндік береді. Ал “Ашық бюжеттің интерактивтік картасы” жобасы арқылы әр сала бойынша бөлінген бюджеттік қаржының жұмсалу барысын қадағалауға болады. Сонымен қатар “Halyk bank” смартбанкинг қосымшасы арқылы білім беру мекемелеріндегі қамқоршылық кеңестердің жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін бақылау мүмкіндігі қарастырылды. Амангелді Сатанов мұндай жаңашылдық бірінші болып Петропавл қаласында қолға алынғанына баса назар аударды. Ал “Smart-мектеп” жобасының аясында Е-асхана, Е-кітапхана, Е-күнделік қызметтері іске қосылып, балаларды мектепке қабылдау барысы да цифрландырылды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.