«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛАР ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Қазақстан Республикасы Президенті жа­нындағы Орталық коммуникациялар қызме­тінің өңіріміздегі филиалында өткен баспасөз маслихатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облысымыздағы аумақтық бөлім­шелерінің бірінші тоқсанда атқарған жұмысы қорытындыланды.

Өткен үш айда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс­тық департаментінің мамандары 64 қыл­мысты тіркеген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Орын алған құқық бұзушылықтардың 83 па­йызы – сыбайлас жемқорлық фактілері. Әсі­ресе, пара беру және алу, қаржыны жымқыр­ғандар көш бастап тұр. Ал ауыр қылмыстар­дың саны 60 пайызға артыпты.
– Бірінші тоқсанда департаменттің өндірі­сінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 100 іс болды. Бұл да өткен жылдың көрсеткішінен екі есе көп. Оның 74-і бойынша тергеу жұ­мыстары аяқталып, 47-сі сотқа жіберілді. 3 ай­дың қорытындысы бойынша “бармақ басты, көз қыстылыққа” қатысы барлардың саны соңғы үш жылдың тоқсандық көрсеткішінен асып кетті, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали.
Баспасөз мәслихатында мемлекеттік қыз­метшілер арасында сыбайлас жемқорлық­тың алдын алу шарасы да сөз болды.
– Жыл басынан бері қоғамдық сананы қалыптастыру үшін “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы жүзеге асырылуда. Жобалық кеңсенің мақсаты – тұрмыстық жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалып­тастыру, – деген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко бұл саладағы кадр тұрақ­сыздығы саябырлағанын тілге тиек етті.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс еңбек етуі азайған. Ол үшін мемлекеттік органдарда жұмыс компьютерін бір мезетте сөндіретін автоматты жүйе іске қосылыпты. Десе де, мемлекеттік қызметші­лердің еңбек және басқа да құқықтарының бұ­зылуына жол берген алты мемлекеттік ор­ганның басшыларына әкімшілік шара қолда­нылған. Ал жұмыстан бос уақытта еңбек ет­кені үшін мамандарға қосымша ақы төленіп, демалыс берілген.
Департамент мамандары мемлекеттік қыз­метшілердің Әдеп кодексінің сақталуына байланысты мемлекеттік органдарда 8 тек­серіс өткізіп, 62 заң бұзушылықты анықтаған. Мәселен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­циясын тексеру барысында бөлім басшысы­на тәртіптік жазаны қолдану реті бұзылғаны белгілі болған. Тәртіптік жауапкершілікті қол­данбас бұрын алдымен қызметтік тексеріс жүргізілуі керек еді. Мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалып, заңсыз қолданылған тәр­тіптік жаза алынып тасталды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp