Бейсенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, Айыртау және Есіл аудандарының атқарып жатқан шаралары талқыланды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Әсет Ысмағұлов 2012-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаға орай үстіміздегі жылы “Нұр Отан” партиясы өкілдерінің, қаржы полициясы, әділет, прокуратура, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты 18 шара өткізілгенін тілге тиек етті. “Бір терезе” қағидаты бойынша аудандық бөлімшелердің заңды және жеке тұлғалардан өтініштер қабылдайтын жұмыс орындарына бейне және аудиожабдықтарын орнату үшін 2015 жылға бюджеттік өтінім берілген. Қызметкерлерді адамгершілік-іскерлік қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында тренингтер, семинарлар, оқу сабақтары, спорт жарыстары, жеке құраммен әлеуметтік-құқықтық тәрбиеге арналған шаралар жиі ұйымдастырылады.
Облыс әкімі өрт қауіпсіздігіне байланысты алдын алу, “бір терезе” бойынша жұмыс істеу шараларын күшейте түсуді тапсырды.
Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміровтің айтуына қарағанда, биыл сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның 3 отырысы өтіп, онда “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының, Гусаков, Қамсақты, Сырымбет және Имантау ауылдық округтерінің жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі шаралары қаралған, Антоновка, Төменгі Бұрлық, Сырымбет және Елецкое ауылдық округтері әкімдерінің есептері тыңдалған.
2014 жылы Айыртау ауданы әкімі аппаратына 563 жазбаша және ауызша өтініш-тілек келіп түскен, оның 412-сі – жеке тұлғалардан, 151-і – заңды тұлғалардан, 24-і – виртуалды қабылдауға. Олардың бәрі заңмен белгіленген мерзімде қаралған. Жыл басынан бері аудан әкімі жеке мәселелері бойынша – 122 кісіні, ал аудан әкімінің орынбасарлары 82 азаматты қабылдаған. Соңғы екі жылда жемқорлық құқық бұзғаны үшін 1 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оған атқарып жүрген қызметіне толығымен сәйкес еместігі туралы ескерту жасалған.
Биыл ауданның мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлаудан өткізуге – 552 мың, біліктіліктерін арттыруға 3076 мың теңге бөлініп, он ай ішінде сәйкес түрде олардың 324 мың және 2340 мың теңгесі игерілген.
Өңір басшысы “Айыртау-су”, “Айыртау-комхоз” мекемелері басшыларының жиі ауысуынан бір кездері еңбекақы қарызы туындағанын, мемлекеттік кәсіпорындарда ондай берешек мүлдем болмауға тиіс екендігін қадай айтты.
Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев өз жұмыстарын Мемлекет басшысының алға қойып отырған талаптарына сәйкес жүргізетіндіктеріне тоқталды. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияның 4 отырысы өтіп, Есіл аудандық салық басқармасының, қылмыстық-атқару инспекциясының, ауылдық округтердің атқарған жұмыстары талқыланған. Биыл кәсіби деңгейін көтеру үшін 59 мемлекеттік қызметші өңірлік орталықта оқудан өткен. Есепті кезеңде Заречный, Бесқұдық ауылдық округтерінің жетекші мамандары Б.Қанафин мен С.Сандыбаев тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Ерік Сұлтанов талқыланып отырған мәселеге орай құқық бұзушылық ауданда едәуір өскендігін, қызметшілерге заңды түсіндіру өз дәрежесінде емес екендігін атап айтып, Есіл ауданының осы тұрғыда атқарып жатқан жұмыстарына 3 айдан кейін қайта оралуды ұсынды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.