Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз конференциясында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Әділбек Мұқашев “Мемлекеттік қызмет туралы” жаңа заң жобасындағы өзгерістер мен биылғы он айдағы жұмыстың нәтижесі жайында баяндады. Аталмыш департаменттің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі басқарма басшысы Светлана Зайцева, тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаев жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар туралы айтып берді.
Бүгінгі күні облысымызда 500-ден астам мемлекеттік орган болса, онда төрт мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Ал мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасап, баға беру мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандарының еншісінде. Сонымен қатар, олар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздейді. Осы мақсатта кәсіби мамандар өңіріміздің кәсіпкерлер палатасымен, үкіметтік емес және жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Жыл басынан бері бөлім қызметкерлері 10 рет “дөңгелек үстел” ұйымдастырып, 6 кездесу өткізген. Алдағы уақытта да азаматтық қоғам мүшелерімен бірге атқарылатын жоспарлы жұмыс аз емес көрінеді.
Ал тәртіптік кеңестің жұмысы туралы баяндаған Жанат Жұмабаев: “Биыл тәртіптік кеңестің 9 отырысы өтіп, 44 іс қаралды, – деді. Жыл басынан бері 39 тұлға жауапкершілікке тартылып, жемқорлық әрекеті үшін 16 мемлекеттік қызметші орнын босатса, 14 қызметкер қызметке толық сай келмейтіні жөнінде ескерту алған. Көп жағдайда мемлекеттік сатып алу барысында қаржы тәртібінің сақталмауынан жемқорлыққа жол берілетін көрінеді. Бұған қоса, қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта жеке басының қажеттілігіне пайдаланған 8 қызметкер рейд барысында әшкере болған.
“Мемлекеттік қызметке үміткерлер бастапқыда конкурс арқылы тек төменгі әкімшілік лауазымға алынады. Олардың әрі қарай мансаптық өсуі мемлекеттік қызмет моделіне байланысты болады. Мемлекеттік лауазымдарға екі түрлі конкурспен орналасуға мүмкіндік беріледі. Алғашқысы – ішкі конкурс. Яғни, мемлекеттік қызметте пайда болған жаңа бос лауазымға үміткер ішкі конкурс арқылы тағайындалады. Екіншісі – жалпы конкурс. Бұл конкурсқа мемлекеттік лауазымға сәйкес келетін үміткер болмаған жағдайда басқа да азаматтар қатыса алады”, – деп түсіндірді Светлана Зайцева.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.