Биылғы жылғы 7 айдың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 93 қылмыс тіркелген, соның 12-сі – өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иелену, 32-сі – қызметтік лауазымын асыра пайдалану фактісі. Пара алудың – 17, пара берудің – 6, қызмет бабын пайдаланып, жалған құжат жасаудың – 14 және делдалдық бойынша 3 іс қозғалған. Бұл жөнінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті өткізген шара барысында айтылды. Аталмыш орган жемқорлықтың алдын алу мақсатында облыс жастарымен, мемлекеттік қызметшілермен кездесуді игі дәстүрге айналдырған. Бұл жолы департамент қызметкерлері өңіріміздегі саяси партия өкілдерімен қоғамдағы өзекті тақырып төңірегінде ой бөлісті.
Шара Ата Заңның 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің басшысы Нұрлан Жахиннің айтуынша, саяси партия өкілдерінің таңдалуы тегін емес. Өйткені, көп жағдайда тұрғындар әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерімен аталмыш ұйымдарға келеді. Сондықтан мемлекеттік орган өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және алдын алу жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ, құқық бұзушылықтың пайда болу себептері мен жағдайларын барынша азайту мақсатындағы жұмыстарына партия мүшелерінің қолғабыс тигізеріне сенімді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті кездесуде өңіріміздегі “Нұр Отан”, “Бірлік”, “Қазақстанның коммунистік халық партиясы”, “Ақ жол”, “Қазақстан патриоттарының партиясы” және “Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы” саяси ұйымдарымен келісімге қол қойды. Екіжақты келісім нәтижесінде олар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараларды өзара бірлесе атқаруға уағдаласты.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.