Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда сыбайлас жемқорлықтың туындау себебі, мемлекеттік қызметтегі кадр ауысымы, жол жүру қауіпсіздігі, жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Баянғазин еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында “Transparency Kazakhstan” қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесімен таныстырды. Бұл жолы да өңіріміз сыбайлас жемқорлық фактілері аз орын алған облыс ретінде аталып отыр. Десек те, сауалнамаға қатысқандардың 7,1 пайызының ойынша, сыбайлас жемқорлықсыз мемлекеттік органдарда бірде-бір мәселе шешілмейді. Ал Петропавл қаласы мен Аққайың ауданындағы кәсіпкерлердің тең жартысы “бармақ басты, көз қыстылық” кең таралмаса да, мемлекеттік органдардағы кейбір мәселелерді пара беру арқылы тез шешуге болатынын жасырмаған. Сонымен қатар, облыс тұрғындары жер қатынастары саласында, халыққа қызмет көрсету орталығында, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда, балабақшаларда туындаған мәселені “көк конверттің” арқасында шешуге болатынын атап өткен. Ал кәсіпкерлер жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кеденде, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте және Шал ақын ауданының әкімдігінде белең алғанын ашық айтқан. Тұрғындар да “Қолына бірер мыңды қыстырсам, шаруам тез бітеді” деген оймен пара беруге тырысады екен. Себебі, сауалнамаға қатысқандардың 57,9 пайызы көп жағдайда тұрғындардың өздері “алғыс айтуға” ынталы екенін көрсеткен. Былтыр өңірімізде 62 сыбайлас жемқорлық фактісі орын алса, үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында осы мәндегі 86 қылмыс анықталған. Мемлекеттік сатып алулар саласында сыбайлас жемқорлық қауіпі зор екені белгілі. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2016 жылдан бастап үстіміздегі жылдың екінші тоқсанына дейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, сәулет, денсаулық сақтау және білім беру саласы жариялаған 3101 лот тексеріліп, 538 заң бұзушылық анықталған. Осының нәтижесінде 91 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Заң бұзушылықтардың дені мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен өткізу салдарынан орын алған.
– Осыған дейін жоспарлы түрде бір көзден алу тәсілімен жүргізілген мемлекеттік сатып алу санын азайту керектігі айтылды. Бұл жерде бүйрегі бұрған жеткізушіні таңдап алу қауіпі зор. Сол себепті барлық аудандарға, басқармаларға бір көзден алу тәсілімен жүргізілген мемлекеттік сатып алу санын азайтуды тапсырамын, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.