«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕН ӨҢІР

Сенбі күні облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, алдын алу және қоғамда оның кез келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыру мәселелері талқыланған жиынға өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен республикалық арнайы мониторинг тобының мүшелері қатысты.

Жиналысты ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басым тетіктерінің бірі екенін атап айтты.

– Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес саясатының бағыт-бағдары ашық әрі нақты көрсетілген. Бүгіндері облысымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат табысты жүзеге асырылуда. Жемқорлықтың алдын алу мен оны туындататын жағдайларды болдырмау мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жолға қойылған. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, мемлекеттік органдарда, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аудару бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда, – деді Құмар Іргебайұлы.

Жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев қатысушыларды соңғы тоғыз айда жүргізілген мониторингтің қорытындысымен таныстырды. Департамент басшысының айтуынша, облыстағы мемлекеттік органдар солтүстікқазақстандықтарға 3,5 миллион қызмет көрсеткен. Дегенмен, тамырын тереңге жайған дерт сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге өз кедергісін келтіруде. Ғалым Сұлтанұлының келтірген мәліметтері бойынша, жыл басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижесінде тексеріспен қамтылған елуден астам мемлекеттік органға 149 ұсыныс жасалса, Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған мәселелер барысында мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген 13 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың 11-інің қызметіне толық сай еместігі анықталса, біреуінің лауазымы төмендетіліп, біреуі жұмыстан шығарылған.

Отырыс барысында пара алып, алаяқтық жолмен байыған облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бұрынғы басшысы Петр Дмитриенкоға, “Есіл су” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының эксдиректоры Серік Ысмайыловқа, облыстық жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментін басқарған Ербол Әбдірахмановқа, “ҚазАвтоЖол ҰК” АҚ-ы облыстық филиалының бұрынғы жетекшісі Асқар Жанкинге, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына жетекшілік еткен Валерий Затайға қатысты сыбайлас жемқорлық оқиғалары туралы егжей-тегжейлі айтылған бейнеролик көрсетілді.

Одан кейін сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахметтің айтуынша, өңірде тұрғындардан түсетін арыздар азаюда. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 25 пайызға кеміген. Өңірде жүзеге асырылып жатқан “Ашық әкімдік” жобасы аясында әр ауданда көмек беру алаңдары жұмыс істемек. Бұл жобаның мақсаты – тұрғындарға кеңес және алғашқы көмек беру. Басшы баяндамасында жемқорлыққа көбірек жол берілген салаларды атап өтті. Белгілі болғандай, жемқорлыққа қатысты бұзушылықтар ішкі істер органдарында, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау, жер қатынастары, білім беру, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында көп тіркелген. Бұдан бөлек, бармақ басты, көз қыстыға жол бергендердің қатарында облыстық құрылыс және мәдениет басқармалары, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті де бар.

Кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды одан әрі күшейтуде Қазақстан Республикасының Президенті зор талаптар қойып отырғанын атап көрсетті.

– Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарына сәйкес келетін тиімді тетіктерін қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінуде. “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңға сәйкес қылмыстың бұл түріне қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық қатерлерін жүйелі талдау және оған қарсы оқу-ағарту ісі сияқты кең ауқымды құқықтық тәсілдер тәжірибеге енгізілді. Қоғамды іштен ірітетін, экономикалық-әлеуметтік дамуды тежейтін дертке қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың оң көрінісін Солтүстік Қазақстан облысынан байқаудамыз. Соңғы жылдары облыста орын алған келеңсіз фактілерге қарамастан, ол жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің қатарына кіреді. Бұл тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі деп білемін, – деді Алик Жатқамбайұлы.

Кезекті отырыста мем­лекет­тік қызметшілердің еңбек­ақы дең­гейін көтеру, жеке тәртіп­тік жауапкершілікті енгізу, мем­ле­кеттік сатып алуда мүдделер қақ­тығысын жою, жеке секторда сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті арттыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жиында автокөліктерді тіркеу мен есептен шығаруды халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру және тағы басқа ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұл ұсыныстарды қолдады.

Жиын соңында қатысушылар тәжірибеде туындайтын өзекті мәселелер мен облыстағы мемлекеттік органдардағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу туралы пікір алмасты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp