«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚ — ЖЕГІ ҚҰРТ

Сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу – облыстық сот қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Өйткені, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, оның тұрақтылығын бұзып, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруға кедергі келтіреді.

Жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылықтар үшін қолданылатын жауапкершілік Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлық туралы” Заңында қарастырылған. Ал сот жүйесінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Жоғарғы Соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ішкі қауіпсіздік дербес құрылымдық бөлім ашылды. Осыған ұқсас құрылымдық бөлімдер облыстық соттарда да өз жұмысын бастады. Аталмыш бөлім сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты бағдарламалар бойынша жұмыс істейді.

Бүгінде барлық облыстық соттарда судьялар мен сот қызметкерлерінің сот ісіне қатысушылармен процессуалды емес байланыстарын болдырмау мақсатында “Жоғарғы Соттың аумағында және ғимараттарында, жергілікті соттарда, Жоғарғы Соттың апелляциялық сотының және оның аумақтық органдарының қызметін қамтамасыз ету басқармаларында ішкі тәртіп режімін қамтамасыз ету ережесі” әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Солтүстік Қазақстан облыстық соты, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, облыстық соттар әкімшісінің басшысы азаматтарды қабылдау ұйымдастырады. Бұл сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болғандарға ол туралы хабарлауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жемқорлық фактілеріне қарсы жедел әрекет ету мақсатында облыстық соттың 8 (7152) 55-11-30 “сенім телефоны” жұмыс істейді. Бұл азаматтардың өтініш-тілектерін, шағымдарын уақтылы есепке алып, сот жүйесі қызметкерлері мен мамандарының тарапынан орын алған заң бұзушылықтар туралы хабардар болуға септігін тигізіп отыр.

Облыстық соттың оқу орталығында соттар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау мәселелеріне қатысты оқыту семинарлары тұрақты түрде өткізіледі. Сот төрелігінің мінсіз жүйесін қалыптастыру, тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, сот ісін жеңілдетіп, жеделдету, қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи ақпараттық технологияларды енгізу бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. “Төрелік” жаңартылған ақпараттық жүйесі енгізілді, сот отырыстары аудио және бейнежазба түрінде сақталатыны да заң бұзушылықтарға жол бермей, процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, отырысқа қатысушыларды тәртіпке шақырудың тиімді тәсілдерінің бірі.

Облыстық соттың сайтында сот қызметіне қатысты қажетті ақпараттар мен кеңсе қызметкерлерінің телефон нөмірлері, белгіленген істердің кестесі көрсетілген. “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс” бөлімінде соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ішкі қауіпсіздік бөлімінің телефондары орналастырылған.

Оян МҮТӘЛЛАПОВ,

облыстық соттар әкімшісінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp