«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚ — ШЫН ҚОРЛЫҚ

Облыс орталығындағы “Жастар” сарайында “Парасыз болашаққа. Бірге!” тақырыбындағы республикалық акция аясында жемқорлыққа қарсы күрес форумы өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауының 5-басымдық бағыты мен “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 13-қадамын орындау мақсатында облысымызда “Парасыз болашаққа. Бірге!” ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топтар құрылған болатын.

Аталған топтардың құрамында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілдері, ардагерлер бар. Бұл топтар алдағы уақытта облыс аумағында орналасқан мекемелердің еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелер бойынша жеке қабылдаулар өткізбек. Өңірде мұндай жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.

Шара барысында Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi облыс бойынша департаментiнiң басшысы Ғалым Тұрсынбаев дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін сыбайлас жемқорлықпен күресті бүкіл халық болып жүргізу қажеттігін атап көрсетті.

– Биыл Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтарға бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның бірі – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Ол үшін Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі “бармақ бастылық” пен “көз қыстылықтың” себептерін анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттігін баса айтты. Бұл ретте қазір өңірде бірқатар жұмыстар атқарылуда, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Сондай-ақ, форумда мобильді топтың белсенділері де сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов сыбайлас жемқорлықпен күресу тек құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес, барша халықтың міндеті екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол жұртшылықты еліміздің жарқын болашағы үшін осы індетпен қоғам болып күресіп, жемқорлықсыз болашаққа қадам басуға шақырды. Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің математика пәнінің мұғалімі Алена Малая сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясатының басты басымдығының бірі екенін атап көрсетті.

Шарада облыстық мәслихаттың депутаты, қалалық жастар бастамалары орталығының нұсқаушысы Екатерина Старостина бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жалпыұлттық мақсатқа айналу керектігін тілге тиек етіп, сонда ғана бұл індетті жою мүмкіндігі артатындығын сөз етті. Сыбайлас жемқорлықпен күресте еліміздің әрбір тұрғынын өз үлесін қосып, жемқорлықсыз болашаққа бірге қадам басуға шақырды.

Шара соңында жемқорлыққа қарсы күрес эстафетасы Ақжар және Уәлиханов аудандарының мобильді топтарына салтанатты түрде табысталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp