
“Tіkeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин “Soltústіk Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “WHATSAPP” желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берген болатын. Бүгін осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ердәулет СМАНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Сыбайлас жемқорлыққа жол берген кейбір басшылар айыппұл төлеп, бостандыққа шығып жатыр. Бұл “Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңданың” кері емес пе?
– Жоқ, бұл көптеген елдерде қолданылатын тәсіл. Жемқорлықпен ұсталған адамдарға айыппұл төлету немесе бостандығынан айыру жауапкершіліктері cоттың процессуалдық шешімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қабылданады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 366-бабына сәйкес пара алған адам қылмыстың санатына байланысты параның жиырмадан сексен еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл төлейді немесе он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Жазаның түрі мен айыппұлдың мөлшері, ең алдымен, параның сомасын, алу әдістерін (қорқытып алу жолымен, заңсыз әрекеттер үшін, бірнеше рет) және парақорлықтың нысандарын (адамдар тобының, қылмыстық топтың) ескере отырып сараланатын Қылмыстық кодекстің баптарының санкциясына байланысты. Осы саралау негізінде жасалған қылмыстың ауырлығы анықталады. Қылмысты өзі қабылдаған антты бұзған құқық қорғау органының немесе соттың қызметкері жасаса жаза ауырлайтынын атап өткен жөн.
Сотталған адамдарға Қылмыстық кодекске сай жаза тағайындалады. Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесі, кінәлінің жеке басы, соның ішінде қылмыс жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын басқа да мән-жайлар ескеріледі.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін шартты түрде соттауды алып тастау, мемлекеттік қызметте лауазымға орналасуға өмір бойы тыйым салу, атақтарынан, шендерінен, дәрежелерінен және мемлекеттік наградаларынан айыру түріндегі қосымша жазалау шараларын міндетті түрде қолдану, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін пара сомасының бірнеше еселенген көлемінде айыппұлдар жүйесін енгізу сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жаза тағайындаудың тиімділігін арттырды.
Жалпы, жаңа Қылмыстық кодекстің және құқық қорғау қызметінің іс жүргізу негіздерін жаңғырту және қылмыстық процесті ізгілендіру нәтижесінде жаза тағайындау тәсілдері өзгертіліп, бас бостандығынан айырудың орнына балама жазалау шаралары кеңінен қолданылады. Бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қолданылатын жазалардың тиімділігін арттырады.
Мен мұндай үрдісті қолдаймын. Өйткені, қылмыскерлерді бюджет қаражатына ұстағанша, олар төлеген айыппұлды халыққа пайдалы мақсаттарға жұмсаған дұрыс деп есептеймін.
Жанат АХМЕТЖАНОВ,
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:
– Соңғы жылдары өңір жолдарын жөндеуге қыруар қаржы бөлінгенімен, кейбір бөлігінің жағдайы жақсарар емес. Мердігерлердің сапасыз жұмысына тұрғындар да наразы. Жол құрылысының саласы бойынша тексеріс жүргіздіңіздер ме?
– Бұл бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі “Сапалы жол” жобасын жүзеге асыруда. Ұлттық жол активтері сапасы орталығы филиалының өкілдері, арнайы мониторингтік топ мүшелері және қоғам белсенділерінің қатысуымен жолдардың жай-күйіне мониторинг жүргізіп отырамыз.
Сондай-ақ, тұрғындардың жолдардың сапасына қатысты арыз-шағымдары да үнемі бақылауда. Мәселен, әлеуметтік желілердегі хабарламалар расталған жағдайда, жедел назар аударылып, ақаулары бар учаскелерге зерттеу жүргізіледі және тиісті шаралар қабылданады.
Қазіргі уақытта осындай үш мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 7 кемшілік анықталып, төртеуі жойылды.
Биыл өңірімізде жол жөндеуге 37 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қомақты қаржы. Сондықтан біз осы қаражаттың әр тиынының мақсатты пайдаланылуын үнемі бақылауда ұстаймыз.
Әлия НҰРКЕНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Үстіміздегі жылы өңірімізде жемқорлыққа қарсы иммунитетті көтеретін дәрумен таратылды. Күлкілі болса да сұрайын, бұл дәрумен адамға қалай әсер етеді, тиімділігі қандай?
– Мұндай бірегей акция медицина қызметкерлерінің бастамасымен Мамлют ауданының Воскресеновка ауылдық округінде “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы аясында өткізілді. Әрине, табиғатта мұндай дәрумен жоқ. Акцияны ұйымдастырушылардың көздегені – жемқорлық індетінің адамзатқа келтіретін зиянына тұрғындардың назарын аудару, қоғамның сана-сезімін ояту, адалдық пен әділдікті насихаттау және азаматтардың белсенділігін арттыру.
Негізі осындай қызықты, жұрттың назарын аударатын шаралардың тиімділігі зор деп есептеймін. Адам баласының ойы ұшқыр, қиялы шексіз. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тың идеяларды қолдаймыз.
Абзал СӘДУАҚАСОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы беріледі. Осы бір ынталандыру шарасының “бармақ басты, көз қыстылықты” азайтуда пайдасы бар ма?
– Бұл жемқорлық фактілерін азайтуда тиімді тетіктердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.
Мәселен, жыл басынан бері жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 6 адамға жалпы сомасы 858 500 теңге сыйақы берілді.
Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сай халықаралық тәжірибені ескере отырып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламалар үшін көтермелеудің сараланған жүйесін енгізу мәселесі пысықталуда.
Пара сомасы 2,5 млн. теңгеден асатын қылмыстар бойынша сот үкімімен белгіленген айыппұл сомасының 10 пайызын сыйақы ретінде төлеу, бірақ ол шекті деңгейден аспайтын көлемде (мысалы, 10 млн. теңге) белгілеу ұсынылды.
Оқырмандарға айтарым, жемқорлық фактілеріне тап болсаңыздар, департаменттің кезекші бөліміне хабарласа аласыздар. Қоңыраулар тәулік бойы қабылданады (46-40-52). Сонымен қатар республика бойынша бірыңғай байланыс орталығы “1424” қызмет етеді. Қоңырау шалу тегін.
Серік РАҚЫМОВ,
Бескөл ауылының тұрғыны:
– Елімізде түрлі сала бойынша арнайы мониторингтік топтар құрылған. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты да осындай топ бар. Осы арнайы мониторингтік топ көптеген мәселелерді назарға алмайтын сияқты. Қарапайым тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы шағымдануы осындай немқұрайдылықтың салдары емес пе?! Мүмкін жергілікті жерлердегі мониторингтік топтарды жаңаша ойлайтын жастардан жасақтау керек шығар?
– Арнайы мониторингтік топ мүшелері өңірімізде белсенді қызмет атқаруда. Әсіресе, топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауда және жоюда, тұрғындарға қолайлы жағдай, кедергісіз орта қалыптастыруда, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуде көмектері зор. Облыстық арнайы мониторингтік топқа Александр Бодуновский жетекшілік етеді.
Күнделікті туындаған проблемалардың тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде қызу талқыланатыны оң құбылыс. Бірқатар мәселелер азаматтардың жеке белсенділігінің арқасында шешімін табуда. Барлық саланы бірдей қамту мүмкін емес.
Қазіргі уақытта департамент мамандары тарапынан топты жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Келер жылдан бастап жаңа құрам қызмет ете бастайды. Егер кімде-кім өзін белсенді азамат санаса, қоғамның игілігі үшін үлес қосам десе, топқа мүше бола алады. Бұл қоғамдық жұмыс болғандықтан, қатаң талаптар қойылмайды.
Майра НАУАНОВА,
Жамбыл ауданының тұрғыны:
– “Инвестицияны және бизнесті қорғау” жобасы аясында кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып жатыр деген ақпаратты көзім шалған еді. Кәсібін ашқан адамның түрлі тексерістен көз ашпайтыны белгілі. Биыл қанша кәсіпкердің құқығы бұзылды?
– Шағын және орта бизнес субъектілерін қорғау – агенттік қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Мемлекеттің экономикасы қуатты болуы үшін және елімізге шетелден инвестиция тартуда бизнеске қолайлы жағдай жасалуы тиіс.
Жоба аясында инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында департамент жергілікті және шетелдік инвесторлармен жалпы сомасы 140 млрд. теңгеден асатын жемқорлыққа қарсы 16 келісімге қол қойды. Қолдау тегін іске асырылады. Басты талап – бизнес өкілінің адал кәсіп жасауы.
Жалпы, жыл басынан бері шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың 6 фактісі анықталды. Олардың барлығы бойынша сот шешімдеріне сәйкес жазалау шаралары қабылданды. Қозғалған қылмыстық істер бойынша 26 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды.
Шолпан НҰРАЛИНА,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Менің бір немерем бастауыш сыныпта оқиды, екіншісі балабақшаға барады. Осы білім беру ұйымдарының табалдырығын аттағаннан бері ата-аналар комитетінің қорынан бөлек, ай сайын театрлар келеді, байқаулар мен конкурстарға қатысу керек деп ақша жинайды. Онымен қоса, сыныпқа анау керек, ертеңгілікте топты безендіруге мынау керек деп қылқылдайды. Ақша жинап, сұрағандарын алып береміз. Осының барлығы заңды ма?
– Бұл жиі көтерілетін мәселе. Балаларының түрлі театрлар мен байқауларға, түрлі мәдени іс-шараларға қатысуы үшін ақша беру – ата-аналардың жеке шешімі деп есептеймін. Ал мектептердің күтімі үшін ұстаздар тарапынан ақша жинау, әрине, заңсыз. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов та жуырда арнайы айтқан болатын.
Бейбіт ТАСТЕМІРОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары, екі бірдей орман шаруашылығының басшылары заңсыз әрекеттері үшін істі болды. Өтіп бара жатқан 2019 жылы өңірімізде қоғамды дүрліктірген тағы қандай жемқорлық фактілері орын алды?
– Өңіріміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары жыл басынан бері 112 қылмысты тіркесе, оның 91-інде “бармақ басты, көз қыстылық” фактісі орын алған. Соңғы іс Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің директорына қатысты болды. Ол облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкеріне өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпауды өтініп, делдал арқылы 50 мың теңге сомасында пара бергені үшін айыпталды. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасында директор пара бергені, ал фармацевт пара беруде делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталғандарға 500 мың теңге және 250 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды, сондай-ақ, мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды.
Облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айдар ТҰРАРОВ,
Мамлют ауданының тұрғыны:
– Егер мемлекеттік органның қатардағы қызметкері парамен ұсталса, басшысы жұмыстан кетеді. Ал басқарма, департамент басшылары, аудан әкімдері жемқорлыққа жол берсе, кім қызметін босатуы тиіс? Осы жайлы кеңінен түсіндіріп берсеңіз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойып, тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігін заңнамалық деңгейде бекітті.
Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер, яғни министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстың әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандардың әкімдері олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса міндетті түрде отставкаға кетуі тиіс.
Заңның жаңа редакциясына сәйкес бірінші басшы тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті.
Тікелей бағыныштылар ретінде орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары;
– облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астананың әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі;
– орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді;
– облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына, ал аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді.
“Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыретінде.
Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын басшыларға тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ, Президент қол қойған заңға сәйкес басшылар бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алуға міндетті. Бұл міндет тиісті деңгейде орындалмаса, басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.