
Ұлттық тағамымыздың бірі – жент. Бұл да тәттінің бір түрі. Бала күнімізде әжеміз дайындайтын тамаша тағам. Әсіресе, ораза кезінде даярланатын тойымды тағамның бірі. Дайындау әдісі әр жерде әртүрлі болғанымен, дәмі бір. Біздің асүйіміздің бүгінгі қонағы Петропавл қаласының тұрғыны Роза Ысқақова жент тәттісін дайындау әдісін ұсынып отыр.
Р. Ысқақова: Шоколад сияқты тәтті тағамды әзірлеу үшін қазанға сары майды ерітіп, тортасынан айырады. Сосын оған тарының талқанын, бидай немесе арпаның жармасын, ірімшік, мейіз қосып араластырып қайнатады. Қазанның оты баяу болуы керек. Ірімшік әбден ерігенде жент дайын болады. Уақытпен есептесек 15-20 минут. Дайын болған жентті суытып, дастарқанға қоя беріңіз. Таңсық асты қысқа сақтауға да болады. Ол үшін жаңа қайнап болған жентті қалтаға не мал қарнынан дайындалған меске салып, аузын буып, салқын жерге іліп қоясыз. Айта кету керек, жент ағзадағы дәрумен тапшылығының алдын алады. Құрамындағы ірімшік Д дәруменінің көзі болса, мейіз асқазанды емдейді. Ал май – қуат, жармалар ішек пен өт жолдарының жұмысын жақсартады. Ұзақ сақталған жент бүгінгінің шоколады іспетті.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.