Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылдық округінің әкімі Анна Жорова Образец елді мекені тұрғындарының алдында есеп берді. 2014 жылы округтің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған басшы бұл жолғы кездесуде де тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың дені шешілгендігін жеткізді.
Бұл – Анна Жорованың биылғы жылғы алғашқы есепті кездесуі. Осы жолы ол атына заты сай, округтегі үлгілі елді мекендердің бірі – Образецтің тұрғындарын былтырғы атқарылған жұмыстардан құлағдар етті.
– Округте мектепке дейінгі білім беру мәселесі толығымен шешілді. Образец және Чистое ауылдарында 2 шағын орталық жұмыс істейді. Онда 20-ға жуық балғын тәрбие алады. Ал Қарақоға ауылында 70 балаға шақталған “Балапан” балабақшасы бар. Мұнымен қоса аймақта 3 бірдей фельдшерлік-акушерлік қосын халыққа қызмет көрсетеді. Дәріхана бар. Сондай-ақ, өзіміздің наубайханамыз да халықты ас атасы – нанмен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр, – деді Анна Жорова өз баяндамасында.
Қарақоға – аудандағы ең ірі округтердің бірі. Оның қарамағына 4 ауыл қарайды. Тұрғындар саны 2600-дің үстінде. Он жылға жуық уақыт осы аймаққа басшылық етіп келе жатқан Анна Жорова былтыр бірқатар мәселелерді шешіпті.
– Мектеп ұжымы атынан жергілікті басшыға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Округтегі кәсіпкерлердің көмегімен көптен бері ауыстырылмай жүрген шатырымыз былтыр жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ, оқушыларымызға күнде тегін ыстық ас беріледі. Қазір мектебімізде балаларға толыққанды білім алуға барлық жағдай жасалған, – деді Образец орта мектебінің меңгерушісі Татьяна Журавлева.
Өткен жылғы есепті кездесулерде әкімге барлығы 7 өтініш түскен. Оның 5-еуі былтыр шешілсе, 2-уі биыл жүзеге асырылатындығын атап көрсетті ол тұрғындармен әңгіме барысында.
Аталмыш ауылда су, жарық, жол, қоғамдық көлік қатынасы мәселелері шешілген. Мұнда тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға да баса назар аударылады. Бірнеше хоккей қорабы салынып, бүгінгі күні екі құрама облыстық додаларда ауданның намысын қорғап жүр. Тұрғындардың жергілікті басшының жұмысына реніші жоқ.
Округте шағын және орта бизнестің дамуы да оң жолға қойылған. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша былтыр мал шаруашылығын жандандыруға 4 тұрғын жалпы сомасы 9 миллион теңгеге жуық несие алыпты.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.