“Қазақстанда жасалған” патриоттық акциясын айыртаулық кәсіпкерлер де қолдап отыр. Айыртау ауданында халық жиі тұтынатын ет, сүт, балық, жұмыртқа, макарон өнімдерін өндіру жақсы жолға қойылған. Мәселен, Валентин Лыткин басшылық ететін “Ғасыр – Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макарон цехы шығаратын өнім түрлерінің бірте-бірте көбеюімен және жоғары сапалылығымен жұртшылық назарын аударуда. Арнаулы цехтарда макаронның 1 және 2-сұрыптағы – жеті, тағамдық жарманың бес түрі өндіріледі. Цехта он адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
“Қазір дағдарыс жағдайында өз өндірісімізді дамыту маңызды. Біздің экологиялық таза өнім шетелдіктен еш кем емес, бастысы баға бойынша бәсекелестерге жол бермеген жөн”, – деген кәсіпкер 2013 жылдың көктемінен бастап серіктестік аумағындағы үш жүз шаршы метр алаңға үш жылыжай салып, онда жыл бойы көкөніс өсіріп келеді. Биыл қосымша тағы да екі жылыжай салмақшы. Серіктестіктің өнімдері ауданда өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде арзан бағамен сатылатындықтан, үлкен сұранысқа ие. Оның кәсіпорны омарташылықпен де айналысып, серіктестік жұмысшылары мен аудан тұрғындарын табиғи таза бал өнімдерімен қамтамасыз етуде.
“Әліби” компаниясының басшылары өздеріне қарасты “Ғасыр – Айыртау” кәсіпорны тарапынан ұсынылған жобаларға ұдайы қолдау көрсетеді. Соның арқасында былтырғы жылы жарма цехы іске қосылса, алдағы уақытта шұжық шығармақ. Бұл жаңа цех іске қосылған жағдайда тағы жеті жұмыс орны ашылады.
“Қазақстанда жасалған” маркалы өнімдерді біздің ауданда да дайындауға мүмкіндік мол. Сауда орындарында арнайы бұрыштар ашылып, оған еліміздің өзге өңірлерінде шығарылған тауарлармен қатар, ауданымыздың макарон, нан және сүт өнімдерін қойса, артық етпейді. Біріншіден, бұл тұрғындардың жергілікті өнімдерге деген қызығушылығын арттырса, екіншіден, онымен айналысып отырған кәсіпкерлерге де тиімді”, – дейді кәсіпорын басшысы Валентин Лыткин.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.