Облыс орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жыл сайынғы көрме өтті. Биыл байқауға өңірімізден 32 кәсіпкер қатысқан. Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен басталған жоба осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жоба жергілікті шикізатты өңдеуді дамыту, бәсекеге қабілетті өңірлік брендтерді қалыптастыру үшін қажет. Көрмені облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те аралап көріп, жергілікті өнімнен дәм татты.
Көрмені облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамшутдинов ашты. Ол жиналғандарды құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Басқарма өкілі байқау қатысушыларының жылдан-жылға артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Есжан Оразалиннің сөзінше, бірінші жылы жобаға 16 кәсіпкер қатысса, былтыр 24, биыл 32 кәсіпкер өтініш берген. Олардың арасында азық-түлік, киім-кешек пен түрлі бұйымдар өндіретін іскер жандар бар.
Көрмеге Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Эдуард Ульман сарымсақ өсірумен айналысады.
– Жасым 71-ге келсе де соңғы 7 жылда ауырған емеспін. Өйткені өзім өсірген ферменттелген сарымсақ тұтынамын. Оның емдік қасиеті көп. Экологиялық таза өнімнің тұқымдық материалдарын шетелге де жөнелтеміз. Еліміздің барлық өңіріне сарымсақ тұқымын жеткіземіз. Жыл сайын 4 тоннаға дейін өнім жинаймыз. Енді осы өнімді өңдеуді қолға алмақпыз. Бүгінгі көрмеге сарымсақтан жасалған салат, эликсир, соус сияқты 10 өнім түрін әкелдім, – дейді кәсіпкер.
Алда қатысушыларды іріктеудің бірнеше кезеңі күтіп тұр. Сыннан сүрінбеген 3 қатысушы өңірді республикалық көрмеде таныстыруға жолдама алады.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.