«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРДІ ЕМГЕН ЖҮДЕМЕЙДІ

Бүгінгі таңда ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген кәсіпкерлердің арасында тек бір саламен ғана шектеліп қалмай, бірнеше бизнестің басын біріктіріп, кәсіпкерлік ісін дөңгелетіп отырған жерлестеріміз бар. Солардың бірі – Қызылжар ауданындағы “Ер-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Шушамоин.

Бүгiнде бизнестің сан-салалы қырын меңгерген солтүстікқазақстандық шаруа егіншілікпен қатар асылтұқымды мал шаруашылығын қолға алған. Бұдан бөлек, ағаш көшеттерін өсіретін арнайы тұқымбағының арқасында серіктестік еліміздің бірнеше қалаларын сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Анатолий Фролович – өмірінің басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласына арнаған білікті агроном. Әр жылдары мемлекеттік қызметте табысты еңбек еткен ол 2004 жылы “Ер-Агро” ЖШС-ін құрып, егіншілікпен айналысуды қолға алған. Содан бері Новокаменка және Архангелька ауылдарының жанында серіктестікке қарасты 6 мың гектардай алқапқа бидай және басқа да дақылдар өсірумен айналысып келеді. Оның айтуынша, жерге ырыс дәнін себу оңай кәсiп емес, ол үшін техникаң жақсы болуы керек.

– Тракторшыларымыз бен механизаторларымыздың тиімді жұмысы үшін ескі техникамызды жаңартудамыз. “Еңбегіне қарай өнбегі” демекші, қызметкерлеріміздің табыстары да жаман емес. Орақтағы озаттардың айлық жалақысы кем дегенде 500 мың теңгеден айналады. Орташа айлық еңбекақы 90 мың теңгеден шығады, – дейді Анатолий Шушамоин.

Серіктестік басшысы “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы субсидияланып, бір-бірден “Вектор” және “Есіл” комбайндарын, “Нью Холланд” және “Бюллер” маркалы екі канадалық егіс кешенін алғанын айтты.

Үстіміздегі жылы дала жұмыстарына алғашқылардың бірі болып кіріскен агроқұрылым жауапты науқанды он күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жолы шаруашылықтың еңбеккерлері егістік жердің үш мың гектарына – дәнді дақылдар, алты жүз гектарына – зығыр, бір мың гектарына арпа сіңірмекші. Бүгінде екі ауысымда жұмыс істеп жүрген жұмысшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 500 гектарға – дәнді дақыл, 300 гектарға зығыр сеуіп үлгерген екен.

Ісі өрге басқан агроқұрылымда қырыққа жуық адам жұмыспен қамтылған. Бір қуаныштысы, олардың барлығы – Боровское және Архангелька ауылдарының тұрғындары. Серіктестіктің маңдайалды механизаторларын тілге тиек еткенде, ең алдымен, бір әулеттің өкілдері – ағайынды Архиповтардың есімдері аталады. Федор Архипов пен оның ұлы Николай комбайншылар сапында өнімді еңбек етуде. Тағы бір ұлы Виктор – үздік жүргізуші. Сол сияқты, бригадир Анатолий Усолкиннің, комбайншы Қайыргелді Молдахметовтың, тракторшылар Сергей Макаров пен Игорь Рябошапконың, көлік жүргізушісі Владимир Малофеевтің есімдерін ерекше атауға болады.

Көктемде қара жерге ырыс дәнін сеуіп, күзде қамбаларын алтын дәнге толтыратын шаруашылық жетекшісі өзін жаңа салада сынап көрмек болады. Көздеген мақсаты – қосымша қаражат көзін табу және еңбеккерлерін жұмыспен қамту. Сөйтіп, көп ізденген ол Боровское елді мекенінің жанындағы 10 гектар жерде ағаш көшеттерін өсіретін арнайы тұқымбағын ашуға ұйғарады. Басшының дәл осы саланы таңдауының өзіндік себебі бар. Анатолий Фролович 20 жыл бойы “Кондратовка орман тәлімбағы” республикалық мекемесінде еңбек еткен. Сондай-ақ, бірнеше жыл бойы Астана қаласын жасыл желекке бөлеу бойынша жұмыстарға қатысып, мол тәжірибе жинаған. Басшының айтуынша, тұқымбақ ұжым мүшелерін жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа бастама агробизнеске қарағанда қаражатты көп қажет етедi және қайтарымы бiрден болмайды. Дегенмен, бірнеше жылдан кейін қызылжарлық шаруа егіншілікке қарағанда табысы мол жаңа салада өзінің орнын тауып, тұрақты тұтынушылар базасын қалыптастыра білген.

– Бүгінде топырағымыздың құнарлы, суымыздың таза болуының арқасында еңбегіміздің жемісін көрудеміз. Қазір егіс жұмыстарынан қолы босаған төрт-бес адам тұқым-бақта табысты еңбек етуде. Бұл жердегі бірнеше жыл бойы күтіліп өсірілген қайың, терек, үйеңкі, шырша және тағы басқа көшеттер мен бұталар солтүстіктің қысы суық, жазы жылы климатына бейімделген. Өсiруге өте қолайлы. Тұтынушыларымыз тұқымбаққа келіп, 33 көшет түрін таңдай алады. Ең алдымен, жергiлiктi нарықтың сұранысын қанағаттандырамыз. Одан артылған өнiмдi республикамыздың Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе және тағы басқа да қалаларына жөнелтпекпiз, – дейдi агроқұрылым басшысы.

Айтса айтқандай, үстіміздегі жылдың басынан бері Қызылжар, Мамлют аудандарының әкімдіктері тұқымбақтан – 180 көшет, Петропавл қаласының әкімдігі 696 түп ағаш сатып алған. Бұл көп тапсырыстың бір бөлігі ғана. Көктемгі сенбіліктер барысында олар облыс орталығының көшелерінде, Жеңіс саябағында тамырымен бірге алынып тасталған ескі ағаштардың орнына отырғызылып, шаһар көркіне сән беріп тұр.

Экономика саласын әртараптандыру бағытына көшкен шаруашылық егiн егiп, ағаш көшеттерін өсiруден бөлек, етті мал шаруашылығы бағытында да өзгелерге үлгі боларлық істермен айналысуда. Директордың орынбасары Анатолий Усолкиннің сөзіне қарағанда, серіктестік былтыр “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 38 миллион теңгеге етті бағыттағы герефорд тұқымынан 124 бас сиыр сатып алған.

Айта кету керек, шаруашылық басшысы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көп көңіл бөледі. Дәстүрлі “Мектепке жол” акциясына қатысып, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етуден де қалыс қалып көрген емес. Сонымен бiрге, басқа да қайырымдылық шараларға демеушi болып жүр. Мұның барлығы – елдің экономикасына елеулі үлесін қосып, туған ауылының гүлденуі үшін тынымсыз тер төккен ел азаматының жерлестеріне деген қамқорлығының бір көрінісі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp