«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРДІ СҮЙГЕННІҢ – ЫРЫСЫ МОЛ

Диқандар үшін биылғы күзгі жиын-терім қиындықпен өтті. Со­ған қарамастан астығын ысырап­сыз жинап, элеваторға жеткізіп ал­ғандардың бірі – “Тоқушы-Грейн” ЖШС-інің жетекшісі Жомарт Омаров. 

– Биылғы ауа райы 2014 жыл­ды еске салды. Cол жылы біз ас­тық ала алмай қалған едік. Жердің бәрі езіліп, жаңбыр толассыз тө­пеледі де тұрды. Комбайн егіске кіре алмай, алтын дән көз алды­мызда ысырап болды. Құдайға шү­кір, биыл жауын-шашынға қара­мас­тан, жеті мың гектар жерге сі­ңірілген алтын дәнді жинап ал­дық, – дейді іскер азамат. 

Бұрын Жомарт Омаров отыз бір мың гектар алқапқа астық ек­кен екен. Өңірімізге инвестор ре­тінде келген ресейлік “Транс-Ав­то” деген кәсіпорын кейін кө­лем­ді жерді тастап кеткенде жер­гі­лікті азаматтар оны қолға алып, “Шағала-Агро” серіктестігін құр­ды. Жомарт Омаров сол астық кә­сіпорны басшыларының бірі бол­ды. Ал былтырдан бері ол он бес жыл­дай бірге істеген серіктестік­тен еншісін бөлектеді.
Жомарттың әкесі Жақсылық ақ­сақал – өмір бойы диқаншылық­пен айналысқан, екі бірдей “Еңбек Қызыл туы” ордені кеудесінде жар­қыраған жан. Үнемі жанында жү­ре­тін ұлына ол жасынан диқан­шы­лықтың қыр-сырын үйретеді. Сөйтіп, Жомарт та атакәсіптен алысқа кете алмаған. Есеп-қисап­қа жүйрік ол қаржыгер маман­дығын игерсе де, экономист, ре­визор сияқты қызметтерді абы­роймен атқарса да, жердің құдіре­ті өзіне тарта берген. Хакім Абай “Қаруыңның барында қайрат қыл­май, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел” дегендей, ол да еңбек қыл­май тапқан мал дәулет болмай­тынын жақсы түсінді. Өйткені, Жо­март – Абай мен Мағжан өлеңде­рін, жерлес жазушылар – Сәбит Мұ­қанов пен Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын зердесіне тоқы­ған түйсігі мол, танымы терең жі­гіт. Өзің өндірмесең, қайнаған ең­бектің қақ ортасында жүрмесең, ар­тыңда із қалдырдым деп айта ала­мын ба деп, өзін-өзі қайраған жігіт жер баптауға осылай кірісіп кетіпті. Сөйтіп, ол қазір облыстағы белгілі диқандардың біріне ай­налып отыр.
Жерді сүйген, кең даланың ты­нысын сезінген Жомарт Омаров астық алқабын жиі ара­лай­ды. “Бастары салбырап, мау­жырап тұрған бидайдың бір саба­ғына еңкейіп, тұшынып иіскеген­де, трактордың майы бұрқырап тұрған комбайншылармен, трак­торшылармен әңгімелескенде, бір серпіліп қаламын. Маған ашық те­ңіздің гүрілі мен жылы жағажай­дың шуылынан гөрі осы араның салқын ауасы әлдеқайда асыл сияқты көрінеді”,– дейді ол.
“Әуелі Құдайға сыйынып, екін­ші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды”, – дейді ғой данышпан Абай. Ерінбей ет­кен еңбекке, махаббатпен сүйіп іс­теген жұмысқа орай, қара жер де Жо­мартқа аямай беруде. Үш мың тонна астығын ол қазірдің өзінде элеваторға өткізіп қойды. Гектар бе­рекелігі орта есеппен 25 цент­нерден айналған. Алайда, бұған ди­қан қанағаттанбауда, кем де­ген­де отыздан алу керек еді, дейді ол.
Алдыңғы қатарлы комбайн­шы­лардың табысы бұл серіктестікте миллион теңгеден екенін айтып өткен жөн. Қазір жұмысшылар қой­мада қалған астықты құрғатып, сапасын көтеруге бағытталған жұмыстарды жүргізуде.
“Транс-Авто” кәсіпорны өзінің уақытша келгенін шу дегеннен білдіріп, жерге тыңайтқыш сеуіп, топырақ құнарын көтеру сияқты жұмыстарға көңіл бөлмеген екен. Сол жерлерді алғашқы жылы-ақ қалпына келтіру үшін сапалы ты­ңайтқыштар қолданудың арқа­сын­да “Тоқушы-Грейн” кейбір учас­келерден гектарына қырық центнерге дейін астық алыпты.
“Осы жұмысты талмай жалғас­ты­ратын боламыз, жерден тіле­сең, оған беру де керек”, – дейді диқан. Сонымен бірге ол топырақ­ты құнарландыру жөніндегі түрлі ғалымдардың еңбектерін де са­лыстырып көп оқитынын жеткізді. Дәнді дақыл мен зығыр сияқты майлы дақылды да ауыстырып егу топырақ құнарын арттыраты­нын, сондай-ақ, жасымықтың (че­чевица) да қасиетін айтып берді. “Тұзы жоғары көтеріліп, ақ сортаң болып жатқан жерге бұрын бір рет жасымық егіп көргенбіз. Сол жер кейін тыңайып, артынан жақсы өнімділік көрсете бастады. Сон­дықтан осы бағытта біраз жұмыс­тар жоспарлап отырмыз. Өзі сұранысқа да ие, әттең тым аласа өседі”, – дейді кәсіпкер.
Серіктестік машина-трактор паркін де жаңартып, Қостанайда жасалатын алты “Есіл” комбайнын биыл сатып алған екен. – Баға­сына, мемлекеттің берген субси­дия­сына қарағанда бұл комбайн­дар бізге тиімді болып отыр, – дейді ол. Беларуссиялық “Гомсельмаш­тың” негізінде жасалатын бұл тех­ника шетелдікіне қарағанда сапа­лы екен. Бағасы 52 миллион бол­ғанымен, жеті жылға берілген 25 па­йыздық субсидиясы бар көріне­ді. Сөйтіп, әрбір комбайн үшін мем­лекет шамамен он алты миллион теңгені қайтарып береді.
Бір сағаттай әңгімелескеніміз­де диқаншы мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекті жоғары бағалап, тек сол мүмкіндікті ұтым­ды пайдалана білу керек екенін айтты. Сонымен қатар биылғы ас­тық бағасының өсуі де шаруалар­дың жағдайын едәуір жақсартып тастайды, дейді ол. Іскер азамат алдағы уақытта мал шаруашы­лығымен де айналысуды көздеп отыр. Ендеше, іске сәт!

 

Жақсыбай САМРАТ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp