
Редакциямызға “WHATSAPP” желісі арқылы Шал ақын ауданындағы Семиполка ауылдық округі тұрғындарының атынан сауал келіп түсті. Онда 2009 жылдың наурыз айында 288 адам “Балуан – СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында болғаны, пайларын “Казипрохем-Агро” ЖШС-іне бергені, кейін жер телімдері кепілге қойылып, өзге біреулердің меншігіне өтіп кеткендігі жазылған
“Сол жылы серіктестік басшысы Жанғали Серғалиев облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясынан қарызға бидайдың тұқымын алды. Алайда, ол келісімшартта көрсетілгендей бөліп төлеймін және қарашаға дейін қайтарамын деген уәдесінде тұра алмағандықтан тәжірибе станциясы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағымданды. Олардың өтініші қанағаттандырылып, сот біздің келісімімізді алмастан жер учаскелерімізді сатуға шығарды. Осылай біздің жер “Алма” шаруа қожалығына сатылып, қарызды төлеуден қалған ақша серіктестікке қайтарып берілді. Біз бұл жайлы 2011 жылы ғана естідік. Осылайша, жерімізден айырылып қалдық. Қалай қайтарып алуға болады? – делінген хатта.
Оқырмандарымыздың бұл сауалына Шал ақын ауданының прокуроры Талғат Салпықов былай деп жауап берді:
“Біз бұл жағдайды егжей-тегжейлі зерттедік. Хат иелері айтқандай, облыстық мамандандырылған ауданаралық соттың 2009 жылғы 1 желтоқсандағы шешімі бойынша келісімшарт негізінде “Казипрохем-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен белгіленген сома өндірілді. 2011 жылғы 28 қаңтар күні сот орындаушысы М.Байтеленов “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” Заңға сәйкес борышкердің “АТФ банк” акционерлік қоғамында кепілдікте тұрған кадастрлық нөмірлері №15-228-003-097 – 1811,0 га, №15-228-003-098 – 504,0 га, №15-228-003-099 – 228,0 га, №15-228-003-100 – 313,0 га, №15-228-003-102 – 73 га, №15-228-003-103 – 1078,0 га, №15-228-003-104 – 315,0 га. жер учаскелерін өндіріп алуды сұрап нұсқама жолдады. Шал ақын аудандық соты сот орындаушысының ұсынысын қанағаттандырып, 30 наурызда “Би-Логистикс” АҚ-ға жеті жер учаскесі сатылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жер құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртібімен шешіледі. Сондықтан жоғарыда көрсетілген келісімдердің күшін жою, соның ішінде кепіл шартын жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінген жөн”.Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.