Футболдан Бірінші лига ойындарының жетінші туры аясында жергілікті “Қызыл-Жар СҚ” командасы жанкүйерлері көптен күткен ірі жеңіске қол жеткізді. Қызылжарлық футболшылар өз алаңында қаратаулық “Лашынды” қабылдады. Есеп 3:0.
Тартысты өткен ойын барысында 28 жастағы грузин легионері Давити Чагелишвили қос голдың авторы атанды. Сондай-ақ, теріскей футбол командасының тағы бір мүшесі Хасан Әбдікәрімов ойын алаңында ұшқырлық пен шеберлік танытып, 43 минутта қонақтардың қақпашысын қапы қалдырды.
Алаң иелерінің бұл қарқынына төтеп бере алмаған қонақтар қарымта шабуылға шыққандарымен, есе қайтара алмады.
Бес кездесуде 11 ұпай иеленген “Қызыл-Жар СҚ” командасы турнир кестесінде алтыншы орында келеді.
(Өз тілшіміз).