23 маусым күні Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының 4-ші жазғы спартакиадасы және велосипед спорты бойынша чемпионат басталған болатын. Осынау дүбірлі жарысқа Қазақстан велоспортының беткеұстар өкілдері қатысты.
Келесі күні өткен 50 километр қашықтықта ерлер арасында өткен командалық жарыста 1-орынды біздің жерлестер жеңіп алды. Олар – А.Луценко, Ж.Бижігітов, А.Захаров және С.Астафьев. 2-ші, 3-ші орындарды Алматы облысы мен Астана қаласының өкілдері еншіледі. Әйелдер арасында мұндай командалық жарыс 25 километрге ұйымдастырылды. Алматы облысы – 1-ші, Солтүстік Қазақстан облысы – 2-ші, ал Павлодар облысы 3-ші орындарды місе тұтты.
25 маусым күні ерлер арасында жеке жарыс өтті. Қашықтық – 36 километр. Оның өткен орны Новокаменка – Архангелка тас жолының бойы. Сөреге бірінші болып әйгілі жерлес велошабандозымыз Алексей Луценко жетті.
Спартакиадада 80 километрге белгіленген жарыс 26 маусымда Соколов тас жолы бойында мәре алды. Алматы облысының велошабандозы Н.Генелева жеңімпаз атанды.
Спартакиада жабылатын 28 маусым күні Қазақстан велоспортының беткеұстар өкілдері, яғни ерлер арасындағы топтала өтетін жарыс Пестрое көлінен бастау алып, ол Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанында аяқталды. Жолдың ұзақтығы – 196 километр.
Осынау жарыс жолының жеңімпазы – жерлесіміз Олег Земляков. 3-ші орынды да біздің шабандоз иемденді. Ол – Степан Астафьев. 2-ші орында – қостанайлық Д.Лукьянов.
Қазақстан Республикасының 4-ші спартакиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша 1-ші орынды – Солтүстік Қазақстан облысы, 2-ші орынды – Алматы облысы, 3-ші орынды Қостанай облысы жеңіп алды.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.