Петропавлда биатлоннан жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Оған 150-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады.
Жарыс жолына шыққан биатлоншылар сайыстың бірінші күнінде 4 км. қашықтықты бағындырды. Ал 16 жастан кішілері одан 1 шақырым кем жүгірді. Ату кезеңіне жасөспірімдер екі рет қатысты. Алдымен жатып ату сайысы болса, екіншісінде спортшылар түрегеліп тұрып атты. Нысанаға дейінгі қашықтық – 50 метр.
Тартысты өткен доданың қорытындысы бойынша ақмолалық биатлоншылар жеңіске жетті. Шығыс Қазақстан екінші, солтүстікқазақстандықтар үшінші орындарды еншіледі.