«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕСТЕРІ ДАҢҚТЫ ЖАЗУШЫНЫ ҰЛЫҚТАДЫ

Петропавл қаласындағы қазақ классикалық гимназиясының алаңында зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлер мен ұстаздардың қатысуымен өткен жиында сөз алған өңір басшысы Ерік Сұлтанов:

– Үкіметтің қаулысымен үстіміздегі жылы Қызылжардағы қазақ классикалық гимназиясына дара тұлға, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз Сафуан Шаймерденовтің есімі берілген болатын. 1996 жылы аталмыш білім ошағының ашылуына ұйытқы болған жазушының орны бөлек. Оның шығармалары оқырмандардың жоғары бағасына ие болды. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді.

Шара барысында елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов сөз зергері Сафуан Шаймерденовтің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, ол жазушының ең алғашқы шығармасы “Болашаққа жол”, кейін “Инеш” болып өзгертілген романын сыни тұрғыда тұңғыш зерттеген сыншы-қаламгер Айқын Нұрқатовтың бес томдық еңбегін қазақ классикалық гимназиясының кітапханасына тарту етті.  

Еңбек ардагері А.Е. Липовой жазушымен кездескен сәттерін еске алды.

Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов:

– Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Қазақта жазушы көп. Алайда, ұлттың ақылшысына, тәрбиешісіне айналғандар санаулы ғана. Солардың бірі – Сафуан Шаймерденов. Оның артына қалдырған таңғы шықтай мөлдір шығармалары елімізге, халқымызға қызмет ете береді , – деді.

Астанадан ат терлетіп келген белгілі әнші, қоғам қайраткері Нұрлан Өнербай мен айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазин де Сафуан ағамыз жайлы тебірене сөз сабақтады.

Осыдан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен “Литер Медиа” баспа үйінің бас директоры, жазушының туысы Сайын Есмағи гимназия қабырғасына ілінген мемориалдық тақтаны ашты.

Шара соңында қонақтар мектеп мұражайында “Ұлы есім рухына тағзым” атты әдеби қойылымды тамашалады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp