«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жерлестері разы

Чистов ауылының тұрғыны Рашад Черпанов – жоғары білімді заңгер. Алайда, бүгінгі таңда ол өз нәсібін мүлде басқа саладан тауып отыр. 2009 жылға дейін ішкі істер органында қызмет еткен Рашад Элдароглы кейін мал шаруашылығымен айналысуға бел буады. Жаңалыққа жаны құмар азамат мұнымен де шектелмей, ағаш көмірін дайындау өндірісі жайлы естіп, бұл салада да бағын сынап көрмек болады. Ойдағы жоспарын жүзеге асыру үшін Чистовское ауылының жанынан жер телімін таңдап, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан өндіріс жұмысын жүргізу үшін арнайы рұқсат алады. Тиісті құжаттарды реттегеннен кейін өндіріске қажетті пештерді іздеп Ресейге аттанады. Ол жақтан айына 30 тонна ағаш көмірін шығаратын алты пеш сатып әкелді.

– Бұл өнім ағашты арнаулы пештерде ауа қоспай немесе аздаған мөлшерде ауа қосып, қыздыру арқылы алынады. Ағаш көмірінің 85 пайызы көміртектен тұрады. Өнеркәсіптің көптеген салаларында пайдаланылатын ағаш көмірінен шайырларды алып тастап, белсендендірілген көмір де алуға болады. Біз ағаш көмірін Қарағанды қаласында орналасқан зауыт үшін дайындаймыз. Олар өнімді қабылдамас бұрын сараптамадан өткізеді. Сондықтан бұл материалды дайындағанда барлық қажетті технологияларды сақтаймыз, – дейді Рашад Элдароглы.

Көмірді өндіру үшін көп отын қажет екені айтпаса да түсінікті. Өткен жылы қажетті отынды өзгелерден сатып алса, биыл Конюхов орман шаруашылығында отын дайындау ісін қолға алып, тағы да алты адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Жұмысшылардың барлығы – Чистов ауылдық округі құрамындағы елді мекендердің тұрғындары. Орташа еңбекақылары 50 мың теңге. Еңбекақыларын уақтылы алатын жұмысшылар қысы-жазы жұмыспен қамтылғандарына дән риза. Әрі олардың алаңсыз және сапалы жұмыс істеуі үшін қажетті техникалар да алынған. “Урал” жүк көлігі, “Т-40”, “ДТ-75” тракторлары, “УАЗ” автомашинасы – өндіріс аясын жыл сайын кеңейтіп отыратын кәсіпкерліктің негізгі жұмыс күші.

Қазір Рашад Черпанов қыстың көзі қырауда жұмысшылары тоңбауы үшін жылынатын арнайы шағын үй салудың қамымен жүр.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp