«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕСТЕР ҚОЛДАУЫН СЕЗЕМІН

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында бокстан әйелдер арасындағы турнирде қола медальді қанжығасына байлаған Дариға Шәкімованың біздің жерлесіміз екенін көпшілік жақсы біледі. Соңғы кезде көп көрінбей кеткені де рас. Жуырда спортшымен хабарласып, “Сіз қайда жүрсіз?” деген дәстүрлі сауалымызды қойған едік.

– Мен 2010 жылы Азия чемпионы атанғаннан кейін арнайы шақыртумен Алматы қаласына көшіп, Туризм және спорт академиясына оқуға түстім. Бұл Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатты тамамдап, үлкен өмірге енді қадам басқан кезім болатын. Қарап отырсам, содан бері табандай тоғыз жыл өтіпті. Дегенмен, Қызылжар өңіріне деген махаббатым бір кеміген жоқ. Қайда жүрсем де, жерлестерімнің қолдауын сеземін. Себебі, спорт әлеміндегі алғашқы қадамым 2003 жылы Петропавлдағы кикбоксинг үйірмесінде басталды. Алғашқы бапкерім Сабыржан Сақтағановтың жетекшілігімен залдағы тынымсыз жаттығудың, тер төгудің арқасында ел біріншілігінің жеті дүркін жеңімпазы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атандым.
Алайда, уақыт бір орында тұрмайды ғой. Спортшы да қол жеткізген биігінде қалып қоймауы керек. Үздіксіз жаттығулардың арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Қазіргі уақытта еліміздің ұлттық құрама командасының мүшесімін. Менің бар арманым – спорт биігіне көтеріліп, тәуелсіз Қазақстанымның даңқын әлемдік деңгейде асқақтату. Спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін бапкер ретінде елімізде әйелдер боксының дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді. Бәрін уақыт көрсетеді, – дейді Дариға Оралқызы.

Дайындаған
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp